Егемендік таңында дүниеге келген өрендер елмен бірге есейіп, бой түзеп келеді
Тәуелсіздіктің құрдастары – ел іргесін еңселі ұстауға бірден-бір себепкер тұлғалар. Егемендік таңында дүниеге келген өрендер елмен бірге есейіп, бой түзеп келеді. Бүгінде әрқайсысы сан салада еңбек етіп жүр. Тәуелсіздік құрдастарымен Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тілдесіп келді.
Нұрболат Жарылқасынұлы – Тәуелсіздікпен түйедей құрдас. Ол бүгінде ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүр. Оқытушы. Білім көкжиегіне самғап ұшып, ғылымға ден қойған. Химия саласында түрлі тың жаңалық ашып, бірнеше бағытта зерттеу жүргізіп үлгерген. Олефин деп аталатын мұнай қалдығы экологияғы қатты зиян келтіреді. Оны катализаторлау арқылы пайдаға жаратауға болады дейді жас ғалым. Қазіргі зерттеп жатқан жобасының тақырыбы осындай. Еткен еңбек пен төккен тердің де өтеуі бар. Ол биыл респбуликалық ғылым үшін берілетін грантты ұтып алды.
«Біз күрделі эфирлер аламыз. Ол парфюмерияда, тұрмыстық қолданыста, сабын жасауда қолданылады. Түрлі иістендіргіш ретінде пайдаланылады», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, PhD докторы Нұрболат Құдайбергенов.
Қызылорда облысының тумасы бүгінде 2 баланың әкесі. Егеменді ел болуымыз талай мүмкіндікке жол ашты дейді ол.
«Өзімнің ғылыми жетекшім Хаким Әбірахманұлының сөзін айтқым келеді. Ол кісі маған болсын, мен сияқты әріптестерім болсын, сіздердің кездеріңіз өте алтын уақыт дейді. Себебі, ол кісілер шетелге шығу деген мүмкіндіктен айырылған болатын. Қазіргі таңда,жыл сайын қаншама гранттар бөлінеді», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, PhD докторы Нұрболат Құдайбергенов.
Айдана Отыншиева – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы. Мамандығы халықаралық бизнес құқығы. Болашақ бағдарламасының түлегі. Қазір Америка Құрама Штаттарында тағылымдамадан өтіп жатыр. Алматы арнасы үшін арнайы Ұлыбританиядан сұхбат жолдады. Бүгінде қаламынан туған мақалалары мен ғылыми зерттеулері әлемдік басылымдарда жарияланып жүр. Студенттерге сабақты шетелден онлайн өткізеді. Ғылым жолы мен ұстаздықты қатар алып жүр.
«Болашақ бағдарламасын Тәуелсіздіктің тәтті сыйы деп айтуға болады. Басқа елдерден сұраған кезде бізде мұндай бағдарлама жоқ деп айтады. Басқа елдің тарихын мәдениетін тани отырып басқа елде достарымыздың көбеюіне көмектеседі. Рақмет, сіздерге Америкадан сәлем жолдаймын», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы Айдана Отыншиева.
Айдананың алдағы уақытта шет елде қалғысы жоқ. Білімін жетілдіріп, әлемдік тәжірбиелерді толық меңгергеннен кейін елге оралып, өз шәкірттеріне білгенімен бөлісуге ниетті. Болашаққа зор үмітпен қарап келе жатқан талай жас елімізбен бірге өсіп келеді. Олардың міндеті ортақ, мүдде біреу. Ата-баба сыйлаған Тәуелсіз елді мәңгілікке сақтап қалу.
Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов «Алматы» телеарнасы