Алматыда 9,5 мыңнан аса мүгедектігі бар тұрғын түрлі салада еңбек етуде
Алматыда 9,5 мыңнан аса мүгедектігі бар тұрғын түрлі салада еңбек етуде. Егеменді елімізде бұл топтағы азаматтарды қолдау қарқынды түрде жүзеге асуда. Осылайша қоғамға өз үлесін қосып, абыроймен еңбек етіп жүрген мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары артып келеді. Тәуелсіздік мүгедектікке душар болған азаматтарға қандай мүмкіндіктер ашты? Жігері жасымаған алматылықтармен Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай сұқбаттасып қайтты.
Ләззат Қалтаева еліміз егемендік алғанға дейінгі кезеңді қамығумен еске алады. Айтуынша, ол кездері мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы орталықтарды былай қойғанда, тіпті, сырғыма баспалдақтар болмапты. Қазір ол кембағал жандарға кешенді қызмет көрсететін «Ten qogam» орталығын басқарып отыр. 2 жыл бұрын ашылған мекемеде өзі сияқты өмірге деген ерік-жігері мол 20-дан аса қызметкер жұмыс істейді.
«Тәуелсіздікке дейінгі жылдары сыртқа жылына бірнеше рет қана шығатынмын. Себебі көшеде серуендеу үлкен дайындықты талап ететін. Көмектесетін адам керек еді. Ол кезде күнделікті жұмысқа қатынаймын деген ой мүлдем болмады. Егемендік алғаннан кейін алдыма жаңа мақсаттар қоя бастадым. Қазір еліміз дамып, халықаралық стандарттарға ұмтылуда», – деді «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығының төрайымы Ләззат Қалтаева.
Кез келген қоғам мүшесінің мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдеп жүрген жандардың бірі – Дәурен Алқанов. Азамат осыдан 8 жыл бұрын көлік апаты салдарынан арбаға таңылды. Алайда тағдырдың тауқіметіне мойымай, өз кәсібін ашты. Мемлекеттік бағдарламадан ұтып алған қайтарымсыз грантқа шеберхана ашып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арбасын тегін жөндеумен айналысып жүр.
«Қазір мемлекет кембағалдарға өз кәсібін ашуға үлкен жағдай жасап отыр. Менің ойымша, бұл мүгедектігі бар жандарға қоғамға дағдылануына, өз ісін бастау, пайдасын тигізу үшін үлкен мүмкіндік», – деді I топтағы мүгедек
Дәурен Алқанов.
Осы ретте «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында өз кәсібін ашуға немесе дамытуға ниетті азаматтар мемлекеттен 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант ұтып ала алады. Жоба қорғау кезінде халықтың әлеуметтік осал тобы үшін жеңілдіктер қарастырылған.
«Биыл бізге 500 млн теңге бөлінді. Бірінші кезеңде 164 жоба мақұлданды. Оның 106-сы халықтың әлеуметтік осал тобына тиесілі. Күзде жоспарланған екінші кезеңге қосымша тағы 500 миллион теңге бөлуді қарастырып отырмыз», – деді қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тазабек.
Айта кетейін, жалпы қала бойынша 54 мыңға жуық тұрғын мүгедек ретінде тіркелген. Олардың жартысынан астамы еңбек жасындағылар.
Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы