Ынтымағы жарасқан халық – ел дамуының басты алғышарты. Қазақстанды әлемдік деңгейде танытуда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарар рөлі зор деп санайды ұйым мүшелері, деп хабарлайды Almaty.tv.
Парламент Мәжілісіне таңдалғандарға артылар жүк те ауыр. Ұлт пен ұлысқа қарамастан бәріміздің міндетіміз – ел дамуы үшін аянбай еңбек ету, дейді олар.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуда өте маңызды рөл атқарады. Сондықтан елде өмір сүріп жатқан әрбір этнос өкілі өзіне жүктелген міндетті түсінуі керек», – деді «Вайнах» Шешен этномәдени бірлестігінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Төрағасы Адам Бойсаев.
«Сайлау Қазақстанның демократиялық мемлекет екенін, мұнда ашықтық пен әділдіктің бар екенін ұдайы көрсетеді. Сондықтан да біз бірлігі жарасқан елде өмір сүріп жатырмыз», – деді «Ариана» Ауған мәдени орталығының төрағасы Васток Ахмадулла.
«Ассамблея бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді нығайту жолында көп жұмыс атқарады. Біз – біртұтас халықпыз. Біздің еліміз, халқымыз, мақсатымыз бір. Депутаттық корпусқа сайланғандар осы ынтымақтықты сақтай отырып, жаңа бастауларға жол ашады деп сенемін», – деді ҚХА мүшесі Владимир Щихотов.