Сайлау 2021: 340 мыңнан аса алматылық дауыс берді

Сайлау 2021: 340 мыңнан аса алматылық дауыс берді
Шаһарда науқан кезінде 581 учаске жұмыс істеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әр сайлау – азаматтық қоғамның ілгерілегенін көрсететін сынақ. Ал күні кеше өткен саяси додада 340 мыңнан аса алматылық таңдауын жасапты. Шаһарда науқан кезінде 581 учаске жұмыс істеді. 8 аудан тұрғындарының сайлаудағы белсенділігін Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай бағамдап қайтты.

Сұлушаш Омарова Түрксіб ауданының тұрғыны. Ол саяси науқанда дауыс беру әрбір азаматтың парызы деп біледі. Бұған дейін бірде-бір сайлауды назардан тыс қалдырмай, өз таңдауын жасап келгенін айтады.

«Бұл елімнің көркеюіне, жастардың азаматтық борышын өтеуіне бәріміз де азаматық борышымызды өтеп, сайлауда дауыс бердік.  Өзім отбасыммен, келіндеріммен, балаларыммен барып дауыс бердім», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Сұлушаш Омарова.

«Жасым 90-ға келгеніне қарамастан 10 қаңтарда сайлауға барып, дауыс бердім. Мен әрдайым халықпен біргемін», – деді Алмалы ауданы тұрғыны Виктор Камаров.

Ал, наурызбайлықтар да бұл сайлауда белсенділік танытыпты. Шеткі аудан тұрғындарының саяси науқаннан күтері көп.

«Біз енді осы өмірдің бірталайын көрдік қой. Ендігі осы артымыздағы өсіп келе жатқан жастарға осы біздің ізімізді басып, жақсы жолға түсіп, жетістіктер жасап, осы отанымызға жақсы еңбек етсе деп ойлаймыз», – деді Наузыбай ауданы тұрғыны Әмірхан Тұрысбеков,

«Ішіне кірген кезде маскамен кірдік. Антисептикті қолымызға беріп, сондай мәдениетті қарсы алды бізді. Өзім дауыс берген партияның болашағынан үлкен үміт күтемін», – деді Алатау ауданы тұрғыны Мұрат Өмірбекұлы.

«Біріншіден, бәріміздің азаматтық борышымыз. Екіншіден, біз өз жағдайымызды осы сайлау арқылы жасаймыз. Себебі бес жылда бір рет болатын сайлау», – деді Жетісу ауданы тұрғыны Гұлнұр Сағымова.

Сонымен қатар, саяси науқаннан өзге ауданның жұрты да қалыс қалмаған. Олар бұл қашанда маңызды қадам деп санайды.

«Сайлауға бардым, өзімнің учаскеме, үйдің қасындағы 64-ші мектепке. Бәрі тыныш, жақсы өтті деп ойлаймын. Бақылаушылар да бәрі болды», – деді Медеу ауданы тұрғыны Бибінұр Шаралиева.

«Қаланың әрбір тұрғыны сияқты мен де өз азаматтық құқығымды пайдаланып, 10 қаңтардағы сайлауда өз таңдауымды жасадым», – деді Бостандық ауданы тұрғыны Сәлима Бекенова.

«Бір қуантқаны – ол жерде жастардың да, үлкен кісілердің қатысуы. Өздерінің азаматтық борышын орындағанына қуаныштымын», – деді Әуезов ауданы тұрғыны Нұрлан Құдайберген.

Айта кетейік, додаға түскен 5 партия Алматы қаласының мәслихатына 118 кандидат ұсынған еді. Сайлаудың ресми қорытындысы 17 қаңтарға дейін белгілі болады.

Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, Мейрам Исабеков, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров