Алматы жұртшылығы: Саяси партиялардың белсенді болуы – елдегі демократияның дамуының белгісі

07.01.2021 16:12

Мемлекет басшысының бұрын қабылдаған саяси реформаларының нәтижесінде партиялардың белсенділігі артқаны байқалады

10 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісі мен қалалық мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтеді. Мемлекет басшысының бұрын қабылдаған саяси реформаларының нәтижесінде партиялардың белсенділігі артқаны байқалады. Мұны Алматы қаласының жұртшылық өкілдері де атап өтті. Қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов партиялардың дайындығы мен саясаттағы соңғы өзгерістер жайлы өз ойын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Сайлау демократиялық негізде өтеді және өз кандидатураларын ұсынған барлық саяси партияларға сайлау алдындағы өкілеттіктерін іске асыру үшін барлық мүмкіндіктер берілді. Яғни олар халықпен кездесіп, БАҚ-та жер мәселесі мен басқа да саяси ұсыныстарын ашық білдіре алды. Алдағы сайлау ұйымдасқан түрде жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймын»,– деді Ақан Биханов.

Сонымен қатар ол партиялардың және азаматтардың жоғары саяси белсенділігін атап өтті.

«Бұл сайлаудың алдыңғы сайлаулардан айырмашылығы, саяси партиялар айтарлықтай жанданды, саяси белсенділігі сезілді. Бұл – біздің еліміздегі демократия мен партиялық жүйенің дамуының тағы бір дәлелі. Олар тұрғылықты жері бойынша халықпен, еңбек ұжымдарымен кездесіп, өз бағдарламаларын таныстырды. БАҚ-да үгіт-насихат жұмыстарын жақсы жүргізді. Қаламыздың тұрғындары бүкіл сайлау процесіне белсенді түрде қатысып, өздерінің конституциялық міндеттерін орындайды деп ойлаймын»,– деді ол.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов партия құруды жеңілдетуді қолдайды . Ол: «Заң шығарушы органдардың партия құру талаптарын жеңілдетуі дұрыс деп санаймын, себебі ел басшылығы мұны уақыт талабына сай жедел дайындады», – деп өз сөзін қорытындылады.