Алдағы Мәжіліс және маслихат депутаттарын сайлау 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді
1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған ҚР Конституциясына сәйкес ҚР Парламенті заң шығару билігін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады.
Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.
Сенатты әрбір облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және ҚРның астанасынан тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында екі адамнан сайланатын депутаттар құрайды. Сенат депутаттарының тең жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады.
Сенаттың он бес депутатын ҚР Президенті тағайындайды.
Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі 1998 жылғы қазанға дейін төрт жыл болды, 1998 жылғы қазаннан бастап – алты жыл.Мәжіліс депутаттарының өкілдігі бес жыл.
Бірінші шақырылым (1996 жылғы қаңтар – 1999 жылғы қараша)
Бірінші шақырылған ҚР Парламентінің өкілеттігі 1996 жылғы 30 қаңтарда бірінші сессияның ашылуымен басталып, екінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні 1999 жылғы 30 қарашада аяқталды.
1995 жылғы желтоқсанда болған сайлауда ҚР Парламенті Сенатының 40 депутаты - ҚРның 19 облысынан және астанасынан 2 адамнан сайланды. Сенаттың жеті депутатын Республика Президенті тағайындады.
1995 жылы 2 жылға сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты, 1997 жылғы 8 қазанда Сенат депутаттарын 4 жылға сайлау болып өтті.
Облыстардың оңтайландырылуы нәтижесінде республиканың 14 облысы мен Алматы қаласы бойынша сайлау тағайындалды.
1997 жылғы қазанда ҚР Парламентінің Сенатына 15 депутат сайланды.
Ақмола қаласының ҚРның астанасы деп жариялануына байланысты 1998 жылғы 11 ақпанда Ақмола қаласы бойынша ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы болып өтті.
Екінші шақырылым (1999 жылғы желтоқсан – 2004 жылғы қараша)
Екінші шақырылған ҚР Парламентінің өкілеттігі оның 1999 жылғы 1 желтоқсанда бірінші сессиясының ашылуымен басталып, үшінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні 2004 жылғы 2 қарашада аяқталды.
1995 жылы 4 жылға сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты 1999 жылғы 17 қыркүйекте Сенат депутаттарын 6 жылға сайлау болып өтті.
1997 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіктері конституциялық нормаларға сәйкес екінші сайланымда 2002 жылғы желтоқсанға дейін жалғасты.
Үшінші шақырылым (2004 жылғы қараша – 2007 жылғы қыркүйек)
Үшінші шақырылған ҚР Парламентінің өкілеттіктері 2004 жылғы 3 қарашада оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, төртінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні 2007 жылғы 1 қыркүйекте аяқталды.
2005 жылғы желтоқсанда 1999 жылғы 17 қыркүйекте сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты 2005 жылғы 19 тамызда Сенат депутаттарын сайлау болып өтті.
2002 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіктері конституциялық нормаларға сәйкес үшінші сайланымда жалғасты.
Төртінші шақырылым (2007 жылғы қыркүйек - 2012 жылғы қаңтар )
Төртінші шақырылған ҚР Парламентінің өкілеттігі 2007 жылғы 2 қыркүйекте оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, бесінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні 2012 жылғы 19 қаңтарда аяқталды.
2007 жылғы мамырда ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес 2007 жылғы 29 тамызда ел Президентінің Жарлығымен ҚР Парламенті Сенатының тағы 8 депутаты тағайындалды.
2002 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіктері төртінші сайланымда 2008 жылғы желтоқсанға дейін жалғасты.
2005 жылы сайланған және тағайындалған Сенат депутаттарының өкілеттіктері 2011 жылғы қыркүйекке дейін жалғасты.
2011 жылғы 19 тамызда ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайланатын жартысы бойынша кезекті сайлау өтті.
2011 жылғы 23 қарашада ҚР Президентінің Жарлығымен 7 депутаты тағайындалды, олардың өкілеттігі 2017 жылы аяқталады.
Бесінші шақырылым (2012 жылғы қаңтар – 2016 жылғы қаңтар)
Бесінші шақырылған ҚР Парламентінің өкілеттігі 2012 жылғы 20 қаңтарда оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, алтыншы шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталғанға дейін жалғасады.
ҚР Парламентінің бесінші сайланымында 2008 жылы және 2011 жылы сайланған, 2007 жылы және 2011 жылы тағайындалған Сенат депутаттарының өкілеттігі, конституциялық нормаларға сәйкес, жалғаса береді.
2013 жылғы 26 тамызда ҚР Президентінің Жарлығымен 2007 жылғы тамызда тағайындалған Сенат депутатының өкілеттігі аяқталуына байланысты ҚР Парламенті Сенатының 8 депутаты тағайындалды.
2014 жылғы 1 қазанда ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес Сенат депутаттарының сайлауы өтті.
2014 жылы сайланған депутаттарын тіркеуге байланысты 2008 жылы сайланған депутаттардың өкілеттігі тоқтатылды.
Алтыншы шақырылым (2016 жылғы наурыз)
Алтыншы шақырылған ҚР Парламентінің өкілеттігі 2016 жылғы 25 наурызда оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, жетінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталғанға дейін жалғасады.
ҚР Парламентінің бесінші сайланымында 2011, 2014 жылдары сайланған, 2011, 2013 жылдары тағайындалған Сенат депутаттарының өкілеттігі, конституциялық нормаларға сәйкес, жалғаса береді.
2017 жылғы 28 маусымда ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес Сенат депутаттарының сайлауы өтті. 2017 жылы сайланған депутаттарын тіркеуге байланысты 2011 жылы сайланған депутаттардың өкілеттігі тоқтатылды
Сенаттың алғашқы төрағасы Өмірбек Байгелдi (1995-1999), Оралбай Әбдiкәрiмов (1999-2004), Нұртай Әбіқаев (2004-2007), Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев (2007-2011), Қайрат Мәми (2011-2013), 2013 жылы 16 қазаннан 2019 жылы наурызға дейін Қ.Тоқаев қайта төрағалық етті, ал 2019 жылы наурыз-мамыр айларында Сенат спикері Д. Назарбаева. Ал 2020 жылдың мамырында ҚР Сенатының алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып Мәулен Әшімбаев сайланды.
Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан тұрады. Мәжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.
Бірінші сайланым (1996-1999 ж.ж.) 1995 жылы 9 желтоқсанда болды. Мажоритарлық жүйе негізінде 67 депутат сайланды. Бірінші сайланымдағы ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының өкілеттіктері 1996 жылы 30 қаңтарда бірінші сессияның ашылуынан басталды. Депутаттық корпуста жергілікті атқарушы органдардың және мәслихаттың басшылары мен қызметкерлері басым болды - олар 19 адам. Әрбір бесінші депутат кәсіпорынның, қауымдастықтың, фирманың, қордың және басқа құрылымдардың басшылары болып жұмыс істеген. 9 депутат ғылым, жоғары оқу орындары қызметкерлері, мұғалім болған. Әрбір оныншы депутат Президент Әкімшілігінің, министрліктер мен республикалық комитеттердің қызметкерлері болған. 4 парламентарий уақытша жұмыс істемеген. 11 депутат - аграрлық салада, 3 депутат мәдениет саласында жұмыс істеген. Екі депутат құқық қорғау органдарының қызметкері және инженер-экономист болып істеген. Бір депутат – заңгер, біреуі әскери қызметші және біреуі зейнеткер болған. Мәжілісте 7 ғылым докторы, 10 ғылым кандидаты жұмыс істеді. Бірінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы – Марат Оспанов.
Екінші сайланым (1999- 2004 ж.ж.) Сайлауға 10 саяси партия қатысты. Мажоритарлық бір мандатты округтарда 547 кандидат тіркелді. Жалпы сайлау барысында сол кезеңде Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған кандидаттар саны – орташа есеппен бір орынға сегіз адам тіркелді. Парламент Мәжілісіне сайлау қорытындылары бойынша бір мандатты округтар бойынша 67 депутат және біртұтас жалпыұлттық округ бойынша партиялардан 10 депутат сайланды. Олар жеті проценттік барьерді еңсерген төрт партияның – «Отан», Азаматтық, Аграрлық және Коммунистік партияның өкілдері болды. Сайланған 77 депутаттың 8-і - әйелдер, 74-і – жоғары білімді, 30-ға жуығы екі жоғары оқу орындарын бітірген адамдар болды. Екінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы – Жармахан Тұяқбай.
Үшінші сайланым (2004-2007 ж.ж.) Сайлауға 12 саяси партия қатысты, олардың ішінде 4-уі – екі сайлау блогының құрамында. Сайлау нәтижесінде ҚР Парламентінің Мәжілісіне 77 депутат сайланды. 67 депутат Республиканың әкімшілік-аумақтық бірлігі ескеріле отырып құрылған, шамамен сайлаушылардың саны тең бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланды. 10 депутат өкілдік жүйесі бойынша және біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізімдер негізінде сайланды. Сайланған парламентарийлердің жалпы санынан 59 депутатты саяси партиялар ұсынды: «Отан» республикалық саяси партиясынан – 42, «АИСТ» сайлау блогынан - 11, «Асар» республикалық партиясынан – 4, «Ақ жол» демократиялық партиясынан – 1, Қазақстан Демократиялық партиясынан - 1. Өзін өзі ұсынғандар – 18 депутат. Үшінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы – Орал Мұхамеджанов.
Төртінші сайланым (2007-2011 ж.ж.) Төртінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы Конституцияға 2007 жылғы мамырда енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, 2007 жылғы тамызда өтті. Жаңартылған Конституцияға сәйкес Мәжіліс 107 депутаттан құралды. 98 депутат біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша жасырын дауыс беру жағдайында жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде партиялық тізімдер бойынша сайланды. Қалған депутаттар Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. Жеті саяси партия қатысқан 2007 жылғы 18 тамыздағы сайлауда 7 проценттік барьерді тек «Нұр Отан» Республикалық Халықтық-Демократиялық партиясы ғана еңсерді, одан сайланған депутаттар Парламент Мәжілісіндегі барлық 98 орынды алды. Палатадағы 9 орын Қазақстан халқы ассамблеясы 2007 жылғы 20 тамызда сайлаған депутаттарға берілді. Төртінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы – Аслан Мусин.
Бесінші сайланым (2012 - 2016 ж.ж.) Бесінші шақырылымда конституциялық нормаларға сәйкес 2008 және 2011 жылдары сайланған, 2007 және 2011 жылдары ҚРның Президенті тағайындаған Сенат депутаттарының өкілеттіктері жалғастырылды. Парламент Мәжілісінің сайлауына жеті саяси партия қатысты, олардың үшеуі қорытынды нәтижелер бойынша сайлаушылар даусының 7%-дан астамын жинады және Парламент Мәжілісіне: «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы (80,99%), Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы (7,47%), Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (7,19 %) өтті. Бесінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы – Нұрлан Нығматулин.
Алтыншы сайланым ҚР Мәжілісінің сайлауы 2016 жылғы 20 наурызда өтті. Сайлауға қатысқан алты партияның үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан астамының дауысына ие болып, Парламент Мәжілісінің құрамына кірді. Олар: «Нұр Отан» партиясы (82,20%), Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы (7,18 %) және Қазақстан Коммунистік Халық партиясы (7,14 %). «Нұр Отан» партиясынан Парламент Мәжілісінде 84, «Ақ жол» партиясынан 7, Қазақстан Коммунистік Халық партиясынан 7 депутат қызмет етеді. 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. Алтыншы сайланған Мәжіліс құрамына алдыңғы шақырылымның 43 депутаты кірді. Жалпы депутаттық корпус 60 %- ға жаңарды. Алтыншы сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы – Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Алдағы Мәжіліс және маслихат депутаттарын сайлау 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді.