Саяси партия басшылары Exit-poll нәтижесіне қандай пікір білдірді

11.01.2021 20:14

Сайлау қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы жеті күннің ішінде жариялайды

Almaty.tv

Елімізде өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауының соңғы қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы жеті күннің ішінде жариялайды. Ал кеше түнгі сағат 00.00-де «Қоғамдық пікір» зерттеу институты Exit-poll нәтижесін жариялады. Саяси додаға түскен 5 партияның төрағалары алдын ала қорытындыға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

«Қоғамдық пікір» зерттеу институтының алдын ала шығарған Exit-poll нәтижелерін 5 партия өкілдері асыға күтті. Саяси науқанға жарты жыл бойы дайындалып, үгіт-насихат жүргізген саяси күштің бірі дауыс беру қорытындыларын қуанышпен қабылдаса, енді бірінің мұндай нәтижені естігеннен еңсесі түсті. Қазақстан Халық партиясының төрағасы өз кезегінде сайлауалды науқан кезінде депутаттыққа түскен үміткерлер үшін тең жағдай қарастырылғанын атап өтті.

«Ешқандай қиыншылық мен кедергі болған жоқ. Exit-poll нәтижесі біздің мүмкіндігіміздің сол екенін көрсетеді. Сайлауалды жұмыстарға қатысқан әріптестеріме және сайлаушыларға өз ризашылығымды білдіремін», – деді Қазақстан халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров.  

«Ауыл» партиясының төрағасы бұл сайлаудың өте үлкен тәжірибе болғанын айта келе, саяси бірлестікті қолдаған, оған тілеулес болған барлық сайлаушыларға ризашылығын білдірді.

«Бізді қолдаған азаматтардың барлығына және осы «Ауыл» партиясының аудандық, облыстық, өңірлік, республикалық штабында жұмыс істеген барлық әріптестерімізге мың алғысымызды айтқымыз келеді. Шынында да, көп жұмыс атқарылды. Сайлау біз үшін өте үлкен самақ болды, тәжірибе болды. Сайлау біздің еліміздің өркендеуі жолында жинақтаған үлкен жұмыс болды деп айтуға болды», – деді «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев.

«Адал» партиясының төрағасы өз кезегінде халықтың алдында берген уәделерін әр партия орындауы тиіс дегенді алға тартты.

«Партия деген халықтың алдында берген уәделерін қалай орындау керек, соның жолыменен жүретін партия. Ол халыққа керек партия. Бүгін Exit-poll деген бар, алғашқы анализдері бойынша Nur Otan партиясы бірінші орында келе жатыр», – деді «Aдал» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали.

Бұл сайлаудан партиямыз мол тәжірибе жинақтады деген «Ақ жол» партиясының төрағасы кеше өткен саяси науқанның еліміздің дамуына серпін беретініне үлкен сенім білдірді.

«Бұл тәжірибе ары қарай да еліміздің дамуына, демократияландыруына да өте пайдалы болады деп сенеміз. «Ақ жол» партиясы үшін дауыс берген сайлаушыларға өзіміздің алғысымызды бірдіреміз. Біздің партияға көрсеткен сенімді ақтауға тырысамыз, ақтаймыз, еш күмән болмасын», – деді «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Ал Nur Otan партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жетістік жұмыла атқарылған жұмыс пен партияның әрбір мүшесінің еселі еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті. Сайлаудың ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуінің де символдық мәні бар екендігін назарға алды.

«Партиямыз тағы да үлкен басымдықпен жеңіске жетті. Nur Otan өзінің мақсаты айқын, ісі нақты, қуатты саяси күш нағыз халықтың партиясы екенін дәлелдеп шықты. Халқымыз бізге тағы да 5 жылға сенім көрсетті. Бұл жеңісте барлық нұротандықтар еңбек етті», – деді Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Exit-poll нәтижелеріне сәйкес, Nur Otan партиясы сайлаушылардың басым даусын жинаған. Ал ең төмен қолдау тапқан «Адал» партиясы болып отыр.  Сайлаудың соңғы қорытындысын орталық сайлау комиссиясы жариялайды.

Сая Меңдеке, Мақсат Күнібеков, «Алматы» арнасы