Халық қалаулыларын таңдау – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Бүгін алматылық тұрғындар осы міндетті тиісінше атқарып жатыр. Сайлауға келіп, дауыс беруде зиялы қауым өкілдері де белсенділік танытуда, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еліміздің белді азаматтары бұл жолғы сайлау науқаны әділ өтіп, көпшілік сенім артып таңдаған саяси партиялары ұлт болашағын жарқын етуге атсалысса дейді.
5 жылда бір рет болатын саяси оқиға биыл еліміздің қиын кезеңіне тұспа-тұс келсе де, барынша заңға және карантин талаптарына сай өтуде. Осындай жауапты күнде ақсақал жасына қарамастан Самал ықшам ауданында орналасқан №382 сайлау учаскесіне КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов те барып, өз таңдауын жасады. Ел алдында жүрген өнер майталманы халық таңдаулысы кім болса да, алдымен халықтың мүддесін ойлауы тиіс дейді.
«Депутаттардың барлығы халықтың әдебиетін, мәдениетін жоғары ұстап, оны қадірлей білсе деймін. Сайлауға қатысушылардың барлығын құттықтаймын. Сайлау дегеніміз – ел басқарушыларын таңдау. Сондықтан, мемлекет үшін әр азаматтың дауысы маңызды», – деді КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов
Осылай, шаһардың әр ауданында орналасқан сайлау орындарында еліміздің танымал тұлғалары өз таңдауын жасауымен қатар, көпшілікті де дауыс беруге шақырды. Себебі, «бүгін – мемлекет болашағы үшін аса маңызды күн» дейді ел зиялылары.
«Ахмет Байтұрсыновтың «заң деген бұйдалаған тайлақ сияқты, қалай жетелесең, солай жүреді» деген сөзі бар. Осы партия өкілдері сайлауға түсу арқылы биік мінберлерден жұрттың, халықтың, ұлттың сөзін сөйлейді деп сенеміз», – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
«Парламент пен Мәжіліс депутаттарын сайлап жатырмыз. Сайлауда дауыс беру – әр азаматтың борышы. Бұл – біздің азаматтық еркімізді білдіретін демократияның жарқын бір көрінісі. «Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа. Бірлік қайда барасың? Бақытқа» деген. Мен осы ынтымақ үшін, еліміздің жарқын келешегі үшін өзім қалаған партияға дауыс бердім. Сол партия елдің сенімін ақтайды деп ойлаймын», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Досанов.
Жазушы, кинодраматург, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай да сайлауға барып, азаматтық таңдауын жасады.
Еске сала кетейік, мегаполистегі бүгінгі сайлау науқанының аяқталуына 1 сағат уақыт қалды. Оған дейін қала тұрғындары тұрғылықты мекен-жайына қарай өз учаскесінде дауыс бере алады.
Аяулым Көлжігіт, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» телеарнасы