Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауға бір күн қалды. Ал, бір ай бойы жүргізілген үгіт насихат тоқтап бүгін заң бойынша тыныштық күні болып есептеледі. Осы орайда сайлау барысын бақылауға өзбек елінен 40-қа жуық адам келді. Ол туралы Өзбекстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шерзодхан Құдратходжаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, елорданың 30 градус аязы мен пандемия жағдайында сайлау науқанын өткізуге қазақ елі тыңғылықты дайындалған. Қиын жағдайда елдің кемел келешегі үшін осындай сайлау өткізу тарихта қалатын оқиға, дейді ол.
«Біз де карантинге қарамастан өз миссиямызды орындауға құлшыныспен келдік. Сайлау – халықтың қалауы, бұл – демократия. Өмір пандемиямен тоқтап қалмайтыны анық. Сондықтан саяси өмір демократиялық басқару институтарының құрылуы арқылы жалғасады. Екі ел үшін де демократия елдіктің, мемлекеттіктің негізі болып табылады. Парламентаралық байланысымыз одан әрі нығайып, достығымыз беки түсетініне еш күмән келтірмеймін», – деді Өзбекстан Республикасының орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шерзодхан Құдратходжаев.
Ал, ТМД елдері атынан сайлау барысын қадағалауға 234 адам келіпті. Олар да аймақтардың саяси науқан дайындығына жоғары баға беріп отыр. Бүгін орталық сайлау комиссиясында өткен кездесуде участкелер халықаралық талаптарға сай жабдықталғанын растады.