Олар Ұлытау, Қостанай, Қызылорда, Ақмола және Павлодар облысын аралады
Үгіт-насихат жұмыстарының 7-күнінде Президенттікке ұсынылған 6 кандидат пен қолдаушы штабтары Ұлытау, Қостанай, Қызылорда, Ақмола және Павлодар облысын аралады. Тұрғындармен кездесу кезінде өңірлердегі бірқатар мәселелер айтылып, оны шешу жолдары талқыланды.
Президиенттікке үміткер Тоқаевтың сайлауалды штабы өңірлердегі үгіт-насихат жұмысын Абай облысынан бастады. Қолдаушы топ мүшелері «Семей Цемент» зауытына барып, кәсіпорынның еңбек ұжымына кандидаттың бағдарламаларын таныстырды. Одан кейін Әлихан Бөкейханов атындағы университетте жастармен кездесу өтті.
«Президенттің саясаты мен іс-қимылы бірінші кезекте мемлекет мүддесін қорғауға бағытталған. Тәуелсіздігіміз бен қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге бағытталған. Халықтың қалауы да осы», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Тоқаевты қолдау республикалық қоғамдық штабының басшысы Ерлан Қошанов.
Кандидат Мейрам Қажыкен мен оның штабы бүгін Қостанайда. Бүған дейін үміткер үгіт-насихат жұмыстарын Ұлытау облысында өткізген болатын. Ондағы тұрғындармен кездесіп, кәсіпорындарға, Жезқазған қаласындағы мыс балқыту зауытына барды. Жұмысшылармен жүздескен ол сайлауалды бағдарламасын түсіндірді.
«Кездесулер болды. Жұмысшылармен, халықпен. Халықтың ұсыныстарын естідім. Бұл Ұлытау өңірі біздің қазақ халқына сондай киелі жер деп айтамыз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Мейрам Қажыкен.
Үміткер Қарақат Әбден бүгін Павлодар қаласындағы музыкалық колледжге барды. Ұстаздармен жүздесіп, білім саласындағы өзекті деген сұрақтарды талқылады. Еңбек ұжымына сайлауалды бағдарламасын таныстырып білім орындарындағы жатақхана мен құрал-жабдықтармен қамту мәселесін сөз етті.
«Ұлттық тәрбиені, ұлттық дәстүрді қоғамға насихаттайтын ол біздің ұстаздар. Осыны ұмытпауымыз керек. Музыкалық колледжге неге келдік?! Себебі өнер, музыка арқылы қоғам тәрбиеленеді», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбден.
Ал Қызылорда облысына барған үміткер Жигули Дайрабаев өңірдегі күріш өсірушілермен жолықты. Кездесуде шаруашылық түрін қуаңшылықтан сақтау шаралары талқыланды. Үміткер «Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына» барып, ғалымдармен де мәселе төңірегінде пікір алмасты.
«Күріш суға толмай, мына топырақтың жағдайы болмайды. Сапасы болмайды. Бұл бір мәселе. Екінші мәселе – Арал проблемасы. Қызылорда өңірін экологиялық проблема мазалайды», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Ж. Дайрабаевтың республикалық қоғамдық штабы басшысының орынбасары Анас Баққожаев.
Кандидат Нұрлан Әуесбаев бүгін Ақмола облысына барды. Ақмола елдімекенінің жұртымен кездесіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, "мемлекет алдында тұрған басты мәселе - жемқорлықпен күрес екенін" атап өтті. Кездесуде мектептегі орын тапшылығы және оны шешу жолдары талқыланды.
«Тұрғындар жақсы жиналды. 100-ден аса адам болды. Сұрақтар да сан алуан болды. Біз барлық мәселені ашық айтып, пікір алмастық», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев.
Президенттікке үміткер Салтанат Тұрсынбекова Қарағанды қаласындағы дағдарыс орталығын аралады. Ондағы жағдаймен танысып, мекемедегі азаматтармен жолықты. Сапар барысында кандидат кез келген қазақ әйелінің білім алуға, мансапқа, қорлаусыз қалыпты өмір сүруге құқығы барын тілге тиек етті.
«Балалардың шырылдап жылап жүргенін көруге, өз отбасынан қашып осындай жерге келіп пана тапқанына, мәжбүр болып жүргеніне менің көңілім де, жүрегім де шыдамайды», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова
Президенттікке ұсынылған 6 үміткердің үгіт-насихат жұмыстарымен көбіне қолдаушы штабтары айналысып жатыр. Оның құрамына еріктілер мен белсенділер де жұмылған. Еске салсақ, әр кандидатқа сайлауалды үгіт-насихат жүргізу үшін 10 миллион теңгеден берілген.
Оразай Нұртай, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеранасы