Бүгін өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын саяси ұйымдардың басым бөлігі ірі сауда орталықтарында жүргізді
Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауға 4 күн қалды. Саяси додада бақ сынайтын бес партияның мүшелері бұл күндері халықты сайлауға белсене қатысуға шақырып жатыр. Бүгін өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын саяси ұйымдардың басым бөлігі ірі сауда орталықтарында жүргізді. Бірі сапалы білім мәселелесін көтерсе, енді бірі кәсіпкерлікті дамытуды мықтап қолға алған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстан халық партиясы ұйымдастырған шара сайлауалды науқанның аяқталуға жақын қалғанын байқатқандай болды. Саяси ұйым өкілдері бүгін Алматыда жиналып, флешмоб ұйымдастырды. Бүгіннің өзінде еліміз бойынша 48 кездесу өткізген партия сапалы білім, қолжетімді медицина, экономикалық тұрақтылық мәселелерін алға тартты.
Еліміздегі мектептерді сапалы мамандармен қамтамасыз ету, жаңа мектептер ашу – «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасына енген басым бағыттардың бірі осы. Бүгін саяси ұйым мүшелері ірі сауда орталықтарына барып, онда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Ауылдықтар болса Ғылым ордасының алдына жиналып, партияны қолдау митингісін ұйымдастырды. Сайлауалды бағдарламасына енген ең көкейкесті деген ауылдағы білім мәселесін, көпбалалы аналардың жағдайын, зейнетақы мәселесін көтерді. «Ауыл» партиясы азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл аймақтарын дамыту түйткілдерін басым бағыттардың бірі етпек.
«Ақ жол» партиясы қазақ тілінің мәртебесін көтеру мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Қаладағы ірі сауда орталығының ұжымымен кездескен саяси ұйым өкілдері бүгінгі күні оқу-әдістемелік құралдарын қолжетімді етуді басты назарға алды. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге арналған бірқатар жаңа бағыттар таныстырылды. Кездесуде әлеуметтік және саяси мәселелер де қаузалды.
Қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруды қолдайтын «Адал» партиясы да бүгін қаладағы сауда орталықтарына барып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Негізгі бес басымдықтың бірі ретінде кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін саяси ұйымға саудагерлердің басым көпшілігі сенім артып отыр.
Айта кетейік, дауыс беру 10 қаңтарда өтеді. Ал саяси тартысқа түскен партиялар әр саладағы қордаланған мәселелерді көтеріп, өз бағдарламаларын сайлаушыларға таныстыруды 9-қаңдарға дейін жүзеге асырмақ.
Сая Меңдеке, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы