Үміткерлер сайлауалды бағдарламасын таныстырып, Алматы қаласын әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту жоспарларын айтты
24 желтоқсанда «Алматы» арнасының тікелей эфирінде Алматы қалалық мәслихатына «Ауыл», «Адал», «Ақ Жол», «Қазақстан Халық партиясы» және Nur Otan саяси партияларының атынан үміткерлер арасында теледебат өтті.
Теледебат үш раундқа бөлінген. Үміткерлер сайлауалды бағдарламасын таныстырып, Алматы қаласын әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту жоспарларын айтты, сондай-ақ қала тұрғындарына үндеу жасады. Сұрақтар легінде цифрландыру, ауыл шаруашылығы және азық-түлік жасағы, кәсіпкерлік, коммуналдық қызметтердің тарифтері және т.б. тақырыптар қозғалды.
«Ауыл» партиясынан үміткер Қуаныш Тұрабаев қатысушыларды партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Ол партияның басты мақсаты – ауылдардың проблемалық мәселелерін шешу екенін атап өтті. Үміткер, сонымен бірге, партияның Алматының дамуына кедергі келтіретін өзекті мәселелердің шешімін табуға ниетті екенін айтты, олардың ішінде экология, халықтың әл-ауқатын арттыру, қолжетімді баспана, жастарды жұмыспен қамту мәселелері бар.
«Партия аграрлық секторды дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын төмендету үшін шаралар қабылдайды. Біз ауылда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері сақталатын азық-түлік қоймаларын ашу мәселесін қарастырып жатырмыз», – деді Қуаныш Тұрабаев.
Келесі болып «Адал» партиясының атынан үміткер Ғани Абадан сөз сөйледі. Өз сөзінде ол сайлауалды науқанның 5 маңызды бағыты жайлы айтты. Сондай-ақ, үміткер ең төменгі күнкөріс мөлшерін қайта қарау, кәсіпкерлікті дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, азық-түлік қауіпсіздігі және т.б. мәселелерді көтерді. Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты кандидат партия сайтында қала тұрғындары өз өтінімдері мен ұсыныстарын қалдыра алатын сервис әзірленіп, орналастырылғанын атап өтті.
«Адал» партиясы мемлекет пен азаматтық қоғамдағы конструктивті диалогты дамыту үшін біз интерактивті сайт әзірледік. Дәл қазір сіз adalpartiyasy.kz сайтына кіріп, жұмысқа орналасуға өтінім қалдыра аласыз. Екіншіден, сіз өз аймағыңыздың проблемаларын көріп, оған дауыс бере аласыз. Сіз Алматы қаласының бюджетін қарап, оның қалай бөлінетінін көре аласыз. Егер Алматының әрбір тұрғыны біздің сайтта өтінімдері мен ұсыныстарын қалдырса, біз сіздермен, алматылықтармен бірге қаламызды жақсартып, жайлы ете аламыз», – деді Ғани Абадан.
«Ақ Жол» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басты бағыттар – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру, экономиканы жаңа деңгейге шығару, кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ білім беру жүйесін реформалау. Үміткер Арман Жұмаділ партияның ауылдық жерлерде дарынды балаларға арналған білім беру мекемелері жүйесін құруды ұсынып отырғанын атап өтті. Ол сондай-ақ талантты жастардың кетуін тоқтататын жүйелі бағдарлама қажет екенін айтты.
«Ақжол» партиясы қала тұрғындары мен кәсіпкерлерін қолдау бойынша нақты қадамдар жасады. Көлік, экология және т.б. жалпы танылған мәселелерден басқа, біз экономиканы ковидтен кейінгі кезеңде қалыпқа келтіруді ұсынамыз. Қала тұрғындарын қолжетімді әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін біз әлеуметтік тұрғын үйге тексеру жүргізуді ұсынамыз. Біз электрондық кезекті енгіземіз, онда барлығы ашық болады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда пәтерлер мұқтаж адамдарға: мүгедектерге, жетімдерге және көпбалалы аналарға берілетін болады», – деп мәлімдеді Арман Жұмаділ.
Қазақстан Халық партиясының өкілі Ақбөпе Әбілқасымова халықтың табысын арттыру, балалы отбасыларды, аз қамтылғандарды қолдау, жұмыссыздықты азайту және жалпы азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары екенін атап өтті. Оның айтуынша, партия білім мен медицинаның қолжетімділігі мен сапасын жақтайды.
«Халық партиясы, біз, егер адамдарға арнап қала құратын болсақ, онда қаланың экономикалық дамуы тұрақты және жылдам болады деп санайды. Егер біз экономика үшін қала құратын болсақ, онда адамдар зардап шегеді.
Егер біз мектептер, балабақшалар,ауруханалар салсақ, онда педагогтар, дәрігерлер, құрылысшылар үшін жұмыс орындарын құрамыз. Егер балалар мектептерде сапалы тегін тамақпен қамтылып, білім алатын болса, үйірмелер мен жаттығуларға тегін және қауіпсіз баратын болса, науқастар ауруханаларда қолайлы жағдайда болса, онда пациенттердің ата-аналары мен жақындары отбасы мен қаланың игілігі үшін толыққанды жұмыс істей алады», – деп түсіндірді А.Әбілқасымова.
Өз кезегінде Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров Алматы үшін 5 жылға арналған сапалы жаңа бағдарлама әзірленгенін, оған қалалықтардың 400-ден астам ұсынысы кіргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мегаполис тұрғындары бағдарламаны жүзеге асыруға жұмылдырылады. Бұған дейін өткен праймеризден 78 адам іріктелді. Оның айтуынша, бұл үздік дәрігерлер, педагогтар, журналистер, өнер қайраткерлері мен спорт өкілдері, онымен қоса, олардың барлығы тәжірибелі мамандар.
«Алматылықтардың әл-ауқатын көтеру – біздің басты міндетіміз. Біз Алматыны «Шетсіз қала» қағидаты бойынша дамытуға қол жеткізетін боламыз. Су, газ, жолдар мен жарықтандыру сияқты өткір инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелерді шешеміз. 5 жыл ішінде 240 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруды, орташа жалақыны 320 мың теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. 7 жаңа мектеп пен 330 балабақша саламыз, бұл балабақшалардағы кезекті 99% - ға төмендетеді. 10 мыңнан астам жас отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етеміз», – деді Станислав Канкуров. – Біздің партия әрбір алматылықтың әл-ауқатын арттыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады».