Сайлауға партиялардың атынан 312 үміткер Мәжіліс депутаттығына ұсынылған
Саяси партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары әлі де жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.tv. Мәселен, «Қазақстан Халық партиясының» белсенділері Шымкент қаласындағы медицина қызметкерлерімен кездесті, Жиналғандар сапалы медицина, әлеуметтік төлемдер мен дәрігерлердің мәртебесін арттыру мәселелерін талқылады. Кездесуге қатысушылар денсаулық сақтау жүйесіндегі кездесетін кедергілер турасында өз талап-тілектерін білдірді.
Қазақстан Халық партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер Гүлайша Мүсілтаева дәрігерлердің мәртебесін көтеру керектігін айтты. Ол «Дәрігерлердің мәртебесін көтеруіміз керек. Пандемия кезінде олар 3 ай бойы тынымсыз жұмыс істегенін білеміз. Адамдар қайтыс болып жатқанда жұмыстарын адал атқарды» – деді.
«Нұр Отан» партиясының мүшелері Алматы облысына барып тұрғындармен жүздесті. Кездесуде тұрғындар медицина, жалдамалы пәтер санын арттыру және электрмен жабдықтау сынды әлеуметтік сұрақтар қойып, жауабын алды. «Нұр Отан» партиясы республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Бауыржан Байбек халық тарапынан түскен барлық өтініш пен бақылауда болатынын айтты. «Екі жыл бұрын Елбасы «Ауыл – ел бесігі» деген бағдарламаны ұсынды. Сол бағдарлама арқылы ауылдық жерлерде инвестиция құйып, жалпы инфрақұрылымдық мәселелер шешіліп жатыр. Сондықтан біздің сайлауалды бағдарламамызға енгізілді. Келер жылдың соңына дейін электр жүйесі тұрақты болады» – деді Б.Байбек.
Батыс Қазақстан облысында «Ауыл» партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Кенжеғали Машырықов «Жайық агро» компаниясының еңбек ұжымымен жолықты. Үгіт-насихат тобы өндірістік кешенмен танысып, «Ауыл» партиясының сайлауалды бастамаларын түсіндірді. «Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер Кенжеғали Машырықов: «Ауыл шаруашылық өнімдерін шикізат күйінде емес, болашақта өндіруші ретінде қоюымыз керек, яғни тауар түрінде шығаруымыз керек. Мысалы бидайды бидай күйінде емес, оны астық күйінде шығаруымыз керек» – деді.
Ақжолдықтар Батыс Қазақстан облысында денсаулық күніне орай шаңғы тебуден жарыс ұйымдастырды. Шара ашық аспан астында барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді. Жарысқа 20-ға жуық партия белсендісі мен қала тұрғындары қатысты. Спорттық кездесу салауатты өмір салтын насихаттап, қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында жасалған.
«ADAL» партиясының мүшесі Ақмарал Бекмұрзаева үкіметтік емес ұйым жетекшілері және мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарымен онлайн-кездесу жасады. Онда мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік қорғау шарттары мен медициналық көмектің сапасы талқыланды. Осы мәселелер тұрғысынан нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар да айтылды.
Айта кетейік, сайлауға партиялардың атынан 312 үміткер Мәжіліс депутаттығына ұсынылған. Кандидаттарға дауыс беру 10 қаңтар таңғы сағат 7-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.