Еліміздің барлық өңірінде сайлау науқаны қарқынды жүріп жатыр

20.11.2022 15:30

Қазақстанда 10 мың 33 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр

qyzylqoga.kz

Еліміздің барлық өңірінде сайлау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы әр екі сағат сайын брифинг өткізіп, дауыс беру барысын хабарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv

Орталық сайлау комиссиясы таңғы 8.00-де брифинг өткізді. Ондағы ақпарат бойынша, Қазақстанда 10 мың 33 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, 16 шет мемлекеттегі Қазақстан өкілдіктері жанынан ашылған 17 учаскеде дауыс беру басталды. Өзге елдердегі тағы 51 дауыс беретін орын жергілікті уақыт бойынша ашыла бастайды. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның айтуынша, алғашқылардың бірі болып Жапония мен Оңтүстік Кореядағы сайлау учаскелері жұмысын бастапты. 

"Шетелдегі 51 учаскеде өз уақытына сай дауыс беру басталады. Осылайша, қазіргі уақытта дауыс беру 10 мың 50 сайлау учаскесінде өтуде. Сағат 10:00-ден бастап, әр екі сағат сайн әріптестеріммен сайлау учаскесінде дауыс беру барысы туралы хабарлайтын боламыз", - деді ол.

Еске сала кетейік, елде 12 миллионға жуық азамат дауыс беруге құқылы. Сайлау учаскелері кешкі 20.00-ге дейін істейді.