Cаяси науқанның өту барысын байқаушылар бақылайды
Бірнеше күннен кейін Президенттікке үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аяқталады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабы Атыраудағы мұнайшылармен кездесті. Штаб мүшелері жұртты сайлауға қатысуға шықырып, насихат жұмыстарын жүргізді.
«Сайлауға байланысты Атырау жеріне келдік. Біздің мақсатымыз – жергілікті халықпен сайлауға байланысты түсіндіріп айту», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Тоқаевты қолдау республикалық қоғамдық штабының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Ал Мейрам Қажыкен Алматыдағы құқық қорғау органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департементінің өкілдеріне сайлауалды бағдарламасын түсіндірді.
«Ең алдымен мәдениетте, адамның сана сезімінде халықтың да қоғамның да cыбайлас жемқорлықпен қалай күресу керек? Бізде мықты азаматтық қоғам болу керек», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Мейрам Қажыкен.
Президенттікке кандидат Қарақат Әбден мен оның штаб өкілдері Елордадағы қан орталығына барып, донор болды. Үміткер игі іске осылайша қолдау көрсеткісі келген.
«Донор қаны қиын жағдайға түскен адамдарға үміт береді. Игі істерге бәріміз қатысқанымыз жөн деп санаймын», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбден.
Жигули Дайрабаев Маңғыстау облысындағы жылқы шаруашылығы мен ұн-жарма комбинатының жұмысын көрді. Үміткер мен оның жақтастары зауыттағы қордаланған мәселелерді тыңдады.
«Ұн шаруашылығындағы негізгі проблема вагондардың жетіспеушілігі. Иә, мемлекет тарапынан арзан бидай берілді. Бірақ оны жеткізуге вагон жоқ», – деді «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Анас Баққожаев.
Жаңаөзен халқымен кездескен Нұрлан Әуесбаев өз партиясы мен сайлауалды бағдарламасы туралы елге мәлімет берді. Жиында білім саласы, мұнайшылардың зейнет жасы жайы сөз болды. «Сайлауалды бағдарламамыз бойынша Шығыстан басқа Қазақстанның барлық өңірін аралап өттік. Кездесу барысында әртүрлі пікір болды», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев.
Атырауға барған Салтанат Тұрсынбекова медицина қызметкерлері, қоғам белсенділерімен жүздесті. Үміткер ана мен бала өлімі мәселесін көтерді.
«9 айдың қорытындысы бойынша тек Атырау облысында ана өлімінің 2 фактісі тіркелді. Ал 1 жасқа дейінгі бала өлімі болса, өңірде 9 ай ішінде 114-ге жеткен», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова.
Cаяси науқанның өту барысын партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар жіберген байқаушылар бақылайды. Олар дауыс беру барысына кедергі келтірмей фото, видео және дыбыс жазбасын жасай алады.
Назкен Еркін, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы