Кандидаттардың сайлауалды бағдарламасын түсіндіру жұмыстары 19 қарашаға дейін жалғасады
Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде кандидаттардың сайлауалды бағдарламасын насихаттау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Үміткерлердің басым көпшілігі Қазақстанның барлық өңірін аралап үлгерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы Маңғыстау облысына барды. Өңірдегі арнайы киім және аяқ киім өндіретін фабриканың ұжымымен кездесті. Үміткер жақтастары оларға жұмысшылардың құқығын қорғау жөніндегі шара туралы айтып берді.
«Барша қазақстандықтар өз сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауын жасау арқылы саяси мәдениетін жоғары деңгейде көрсету маңызды», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Тоқаевты қолдау республикалық қоғамдық штабының мүшесі Бану Нұрғазиева.
Ал Мейрам Қажыкен Алматы облысының Қаскелең қаласына барды. Білім беру ұйымдарындағы кәсіподақ мүшелерімен кездесті. Балаларды тәрбиелеу мен болмысын қалыптастырудағы педагогтардың мәртебесін ерекше атап өтті.
«Біздің үміткеріміз Мейрам Зекешұлы Қажыкен қазір Алматыға келіп жатыр. Біраз жұмыс жүргізіліп жатыр. Кездесу болып жатыр. Көтерілген мәселелер көп. Қала бойынша 10-нан астам сенімді өкілі бар», – деді ҚР Президенттігіне үміткер М. Қажыкенді қолдау штабының басшысы Әлібек Шәпенов.
«Түркістанда туризмді дамыту керек» деген кандидат Қарақат Әбден киелі мекен жұртшылығымен кездесті. Ол алдымен аймақтың терең тарихына тоқталып, көне шаһардың шамшырағын қайта жаңарта түсу керегін айтты.Сондай-ақ көпшілікке бағдарламысын түсіндіріп, өзіне дауыс беруге шақырды.
«Барынша максималды түрде жұмыс жасап жатырмыз. Бізге берілген міндеттің бәрі толығымен орындалды. Түркістан облысына қарасты 17 ауданда 117 волонтер жұмыс істеді», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Әбденді қолдау өңірлік штабының басшысы Еркінжан Пірмаханұлы.
«Ауыл» халықтық демократиялық партиясы атынан қатысып жатқан Жигули Дайрабаев Атырау облысына барып, жылыжай құрылысымен танысты. Махамбет ауданында бой көтеріп жатқан нысанның аумағы 6 гектарды алып жатыр. Жергілікті шаруалармен кездесіп, өзінің бағдарламасын түсіндірді.
«Жалпы Махамбет ауданында мен көрген ауылдарда әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы шешілген. Дегенмен де бұл жерде де атқарылатын шаруа көп», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Жигули Дайрабаев..
Ал Президенттікке үміткер Нұрлан Әуесбаев Ақтау қаласының жастарымен кездесіп, несие мәселесі, азық-түліктің қымбаттауы мен төмен жалақы мәселесін көтерді. Өңір жастары толғандырған сұрағын қойды.
«Жалпы бүгінге дейін еліміздің, Қазақстанның көп өңірлерін аралап шықтық. Ол Оңтүстік, Солтүстік, Орталық Қазақстан, Батыс Қазақстан. Шығыс Қазақстанға барған жоқпыз, алдағы уақыттарда көреміз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев
Тағы бір кандидат Салтанат Тұрсынбекова Маңғыстау облысына барып, әскер қатарындағы жауынгерлердің аналарымен жүздесті. Жиында үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, қазіргі әскердегі қордаланған мәселелерді талқылады.
«Әскери прокуратураның мәліметтері бойынша, 10 жыл бұрын еліміздің ҚК қатарында 91 адам көз жұмған. Жыл өткен сайын бұл сан артып келеді. Құқық қорғау органдарының ресми дерегі бойынша былтыр Қазақстан армиясында 16 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Ал биыл суицидке итермелеу фактісі бойынша он шақты қылмыстық іс қозғалған», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова.
Еліміз үшін маңызды саяси науқан Президент сайлауына 4 күн қалды. Науқан уақыты жақындаған сайын үміткерлер арасында үгіт насихат жұмысы қызу жүріп жатыр. Кандидаттардың сайлауалды бағдарламасын түсіндіру жұмыстары 19 қарашаға дейін жалғасады.
Ұлағат Арғын, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы