Президенттік сайлау – Қазақстанның ертеңіне жасалған қадам. Өйткені, ел басшысын таңдау - мемлекеттің алдағы 7 жылына тікелей әсер етпек. Бұл ретте азаматтардың саяси науқаннан қалыс қалмауы аса маңызды.
«Қазақстандықтардың сайлауға барып дауыс беруі – азаматтық борышы деп есептеймін. Неге десеңіз, елдің президентін сайлау бұл өте жауапты нәрсе. Саяси, экономика, әдебиет, мәдениет қай саланы алып қарасаңыз да басқарып отырған азаматқа байланысты», – деді актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда.
Науқанға дейін санаулы күн қалды. Кандидаттардың сайлауалды бағдарламасымен танысқан ел азаматтары 20 қарашада таңдау жасайды.
«Қазіргі таңда геосаясаттық өзгеріс болып жатыр. Қазақстан да қалыс қалмай, бағыты, аяқ алысы өзгере ме деген үмітім бар. Сондықтан да бүкіл қазақ елін сайлауға қатысайық деп үгіттеймін. Әркім кімге дауыс береді, өзі біледі», – деді актер Қуанышбек Мамытқалиев.