Кандидаттар штаб мүшелерімен бірге елдің мұң-мұқтажын тыңдап, өз бағдарламаcын таныстырды
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының аяқталуына 10 күн қалды. Ал президенттікке үміткерлер өңірлерге сапарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кандидаттар штаб мүшелерімен бірге елдің мұң-мұқтажын тыңдап, өз бағдарламаcын таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабы теріскейдегі шаруалар мен Бескөл ауылының жұртшылығымен кездесті. Одан бөлек Қозыбаев университетінде жиын өтіп, бағдарлама таныстырылды.
«Осындай сын сағаты кезінде ең бастысы еліміздегі тұрақтылықты сақтап, Тәуелсіздігімізді күшейтіп, осы қиындықтардың барлығын еңсеріп келеміз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Тоқаевты қолдау республикалық қоғамдық штабы делегациясының басшысы Мәулен Әшімбаев.
Ал Мейрам Қажыкен Батыс Қазақстан медициналық университетінің түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесін талқылады. Артынша штабтың жоспарларын пысықтады.
«Келесі өңір – Маңғыстау облысы. Екі күн боламын Ақтауда. Ол жақта да бес-алты кездесу өтеді. Жаңаөзенге барамын», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Мейрам Қажыкен.
Қарақат Әбден Сыр өңіріндегі штаб жұмысымен танысып, бірқатар тапсырма берді. Облыс бойынша 100-ге жуық ерікті үгіт-насихат жасауға қатысты.
«Күнделікті облыс, қала бойынша әлеуметтік сұрақ түсіп жатыр. Халыққа 5-6 сұрақтан қарастырып, жауап беріліп жатыр», – деді облыстық штаб жетекшісі Маржан Бисенова.
Президенттікке үміткер Жигули Дайрабаев Семейдегі облыстық кітапханада халықпен жүздесті. Кейіннен Абай, Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханов ескерткішіне гүл шоғын қойды.
«Біз үгіт-насихат жұмыстарын жасадық. Облыс, аудан бойынша өкілдеріміз бен белсенділер қала мен ауданға шықты», – деді өңірлік штаб басшысы Серік Байғалиев.
Насихат жұмыстарын Оралда жалғастырып жатқан Нұрлан Әуесбаев жастардың жатақхана, жұмыссыздық мәселесін тыңдады. Науқанға дайындық жайы да айтылды.
«Көптеген шара өткіздік. Қазір шамамен 30-35-тей шара өтті. Біздің негізгі мәселеміздің көбісін еңсердік», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев.
Салтанат Тұрсынбекова Қостанайдағы емханалардың жай-күйімен танысты. Келушілермен тілдесіп, дәрігерлерге сайлауалды бағдарламасын ұсынды.
«Бұл жерде ең бірінші халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын білгіміз келді. Халықтың қандай мұңы бар, қандай бізге айтар ескертуі бар», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова.
Айта кетейік, кезектен тыс ҚР Президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Сайлаушылар науқанға 15 күн қалған кезден бастап өзі немесе өзінің учаскесі туралы деректерді білуіне болады.
Назкен Еркін, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы