20 қарашада өтетін сайлау барысын Алматыда 43-ке жуық халықаралық байқаушы бақылайды. Ал кандидаттардың үгіт-насихат жүргізуі сенбі күні тоқтайды. Үміткерлер әдеттегідей өңірлер мен ірі қалаларда сайлауалды бағдарламаларын түсіндіруді жалғастырып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабы үгіт-насихат шараларымен оңтүстік өңірдің халқымен кездесті. Артынша жылыжай кешені мен салынып жатқан Мұз сарайының жұмысшыларына кандидаттың бағдарламасын түсіндірді.
«Оңтүстік өңірдің азаматтары әрдайым сайлауда өздерінің жоғары белсенділігін көрсетіп жатады. Сол себептен ауыл тұрғындарын, осы облыс тұрғындарын алдағы президент сайлауында белсенділігін танытып, келіп өз дауысын беруге шақырамыз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Тоқаевты қолдау республикалық қоғамдық штабының мүшесі Елнұр Бейсенбаев.
Мейрам Қажыкен Тараз қаласының студенттерімен жүздесті. Кандидат одан кейін тәулігіне 80 тонна сүт өндіретін зауытқа барып, қызметкерлердің ұсыныс-тілегін тыңдады. Жұмысшыларға сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
«Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу. Кредит, экспорттау сынды мәселелер бар екен», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Мейрам Қажыкен.
Президенттікке үміткер Қарақат Әбден Түркістан облысының ұстаздарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Педагогтар білім саласындағы түйткілдерді айтып, сұрағына тиісті жауап алды. Кандидат бұған дейін 10 облыс пен бірқатар ауылға барған еді. Ол кездесулерінде ұлттық құндылықтар, жастар тәрбиесі, отбасы институты секілді мәселені көтеріп келеді. Жалпы мұнда 40-қа жуық үгіт-насихат шарасын өткізу жоспарланған.
Жигули Дайрабаев пен партияластары Орал маңындағы құс фабрикасына барып, сайлауалды насихат жұмысын жүргізді. Зауыт жылына 8,5 мың тонна өнім өндіреді. Одан кейін үміткер аграрлық-техникалық университет ұжымымен кездесті.
«Аграрлық университет ұжымымен кездестік. Жұмыс табу қазір қиын. Қалаға келген жастар жұмыс таба алмайды. Ауылға барайын десе, мүмкіндік жоқ», – деді «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Анас Баққожаев.
Нұрлан Әуесбаев елорда тұрғындарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кездесуге өзге аймақтан да адамдар келіп, олар баспана бағасын, білім мен ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді көтерді. Үміткер бұған дейін 8 өңірді аралаған.
«Облыстың аймақтарынан да шаруалар келген. Олар өз мәселелерін айтып жатыр. Мынау пайщиктердің мәселесі, біздің партия осы мәселемен айналысып жүрген. Соған келіп, шағым-өтінішін айтып жатыр», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев.
Насихат жұмыстарын еліміздің шығысында жалғастырған Салтанат Тұрсынбекова экологтармен кездесіп, Өскеменнің ауасын тазарту мәселесін талқылады. Кейіннен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, қарттармен тілдесті.
«Бүгінгі кездесуде қызметкерлер өздерінің көкейінде жүрген бірқатар сұрағын қойды. Атап айтсақ, ғимаратқа күрделі жөндеу керегін айтты», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова.
Кезектен тыс ҚР Президент сайлауы 20 қарашада таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат 8:00-ге дейін өтеді. Алматы бойынша 1 млн 176 мың сайлаушы дауыс бере алады.
Назкен Еркін, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы