Үгіт-насихат сайлауға 1 күн қалғанда тоқтатады
ҚР Президенттігіне үміткерлер мен олардың қолдау штабы өңір-өңірді аралап, сайлауалды үгіт жүргізіп жатыр. Насихат жұмысының 18-күнінде кандидаттар бағдарламаларын таныстырып, жұртшылықпен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Республикалық қоғамдық штаб өкілдері өрттен зардап шеккен тұрғындармен жүздесу үшін Әулиекөлге арнайы барды. Кейіннен үгіт-насихат үшін жергілікті жұртты жиған делегация бірқатар кәсіпорында болып, сайлауалды бағдарламаны таныстырды.
«Үгіт-насихат науқаны басталғаннан бері Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штаб өкілдері ел аумағында 10 мыңнан аса іс-шара өткізді. Аймақтарда сайлаушылармен кездесу барысында шалғайдағы елді мекендерді толық қамтуды мақсат еттік», – деді республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы Асхат Оралов.
Президенттікке үміткер Мейрам Қажыкен жылына 200 мың тоннадан астам рельс шығаратын зауытқа барды. Қызметкерлерге өз бағдарламасымен таныстырған кандидат зауыт мамандарының пікірін тыңдап, сұрағына жауап берді.
«Әрине, қоғам белсенді болуы керек. Ел азаматы ретінде маңызды сәт туғанда жауапкершілік сезіну қажет. Сондықтан сайлаушылар әр кандидаттың бағдарламасына қызығушылық танытып, танысып, таңдауын жасауы тиіс», – деді кәсіпорынның зертхана басшысы Татьяна Васильева.
Ұлытау облысының жұртшылығымен кездескен Қарақат Әбден қоғамдағы өзекті мәселе – жасөспірімдер арасындағы суицидке алаңдайтынын жеткізді. Сондықтан бұл жиынға негізінен психологтар мен полиция қызметкерлері қатысты.
«Бұл – тақырып қазіргі таңда өте өзекті мәселе. Мен психолог ретінде тақырыпқа тоқталдым және басқа да мамандардың пікірімен бөлістік. Өзінің бағдарламасымен таныстырып өтті», – деді психолог Нұргүл Әшірова.
Жигули Дайрабаев пен үміткердің қолдау штабы Шығыс Қазақстан облысында жүр. Олар шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.
«Қазіргі таңда шаруалар 2-3 алқапты ауыспалы егіс ретінде пайдаланады. Алайда ол жердің сапасын жақсартпайды, құр сақтап тұр. Мұнда 5-10 алқапты ауыспалы егіс бар. Соның арқасында ШҚО-дағы осы шаруашылықтың жері жылдан жылға сапасы жақсарып жатыр», – деді «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Анас Баққожаев.
Ал Оралдағы өңірлік штабтың жұмысымен танысқан үміткер Нұрлан Әуесбаев бұған дейін елдің 7 өңірін аралады. Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, жалпы 50-ден аса іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
«Бүгін біз Орал қаласына келдік. Осында жергілікті активпен кездестік. Кездесу өте тартысты өтті. Әртүрлі сала бойынша сұрақ қойылды. Алдағы жоспар бойынша Ақтау және Солтүстік өңірдің біраз жеріне барамыз», – деді президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев.
Кандидат Салтанат Тұрсынбекова үгіт-насихаттың осыған дейін атқарылған жұмысын қорытындылады. Қоғамдық бірлестіктің атынан саяси додаға түскен ол 3 мыңнан астам адаммен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын пысықтады.
«16 күндік қорытындыны тыңдап, жайланып, марқайып кетіп бара жатқан жайым бар. Жаңағы, біздің «Қазақ аналары. Дәстүрге жол» жобасының аналары да, көріп отырсыздар ғой жүздерінен көңіл-күйінің қандай деңгейде екенін», – деді «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық ҚБ төрағасы Айнұр Жүгінісова.
Президенттікке үміткерлер мен олардың қолдау штабы үгіт-насихатты сайлауға 1 күн қалғанда тоқтатады. Ал оған дейін кандидаттар көпті өз бағдарламаларымен таныстырады. Айта кетейік, ел президентінің сайлауы 20-қарашада өтеді.
Мадина Оқас, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы