Сайлау Қазақстан халқының басын біріктірді

22.11.2022 23:06
Almaty.tv

«Президенттің бір мерзімге сайлануы, «бәріне қарсымын» бағанының пайда болуы бұл – демократиялық қоғам құрудағы алғашқы талпыныстар». Өткен сайлау науқаны зиялы қауым арасында қызу талқыға түсіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Саясаттанушы Жомарт Симтиков сайлау бұған дейінгі саяси науқандардан өзгеше өткенін айтты. Себебі еліміздің Конституциялық режиміне өзгеріс еніп, бюллетендерде «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Бұл пікірлердің әр алуандығын әрі демократиялық процестің тұрақты дамуын көрсетіп отыр.

«Біріншіден, Қазақстан халқының басын біріктірді. Екіншіден, ел Президенті  7 жылдық болашақ стратегиялық бағдарламаны дайындауға үлкен ықпал етеді деп айтуға болады. Үшіншіден, бұл демократиялық үрдістің ғаламдану процестерінің көшінен қалмайтындығын көрсетті», – деді саясаттану ғылымдарының докторы Жомарт Симтиков.

«Халықтың Президентке деген ықыласын бұрын да байқайтынбыз. Бірақ осы науқан сол сенімді айқындай түсті»  деген академик Мұрат Жұрынов әділетті, жаңа Қазақстан құруға бет алсақ, оны Мемлекет басшысымен біріге атқару маңызды екенін атап өтті.

«Ешқандай бұрмалау болған жоқ, Үкімет мүшелері қатысқан жоқ. Халық өзі сайлады.  Ал енді не күтеміз? Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаевқа сену керек. Коррупция, жұмыссыздық болмауы керек, біздің бар байлығымыз елдің игілігіне жұмсалуы керек. Міне, осыны күтеміз», – деді ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов.

Айналадағы бұлыңғыр геосаяси жағдайда елімізде тыныштық пен бейбітшілікті сақтап қалу үшін күшті Президент болуы маңызды. Сондықтан бұқара өз таңдауын дұрыс жасады деген сенімде ақын Бауыржан Жақып.

«Халқымыз өз таңдауын жасады. Елімізде, әлемдік аренада танымал тұлға, бірнеше шет тілін білетін халықаралық деңгейдегі лидер ретінде танылған Қасым-Жомарт Тоқаевты таңдады. Бұл таңдауды мен өзім өте дұрыс деп есептеймін. Өйткені қазір бізге тұрақтылық керек», – деді ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып.

Сондай-ақ қайраткерлер бұл науқан президенттікке үміткер болған өзге азаматтарға танымалдылық пен саяси платформаларын одан әрі дамытуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Назкен Еркін, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Теги: сайлау