Саяси істе жастардың да сауатты болуы қажет

10.11.2022 23:29
Almaty.tv

Республика президентін сайлауға 10 күн қалды. Кезектен тыс саяси науқанға бұл жолы 6 кандидат тіркелген. Қазір үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары таныстырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал 20 қарашада ел азаматтары мемлекет басшысын таңдап, келешекті айқындамақ.

«Алдағы 7 жылға біздің еліміздің болашағына таңдау жасалынады. Біз бүгінгі таңда әрбір кандидаттың бағдарламасымен танысып отырмыз. Біздің азаматтарымыз, жас достарымыз, сайлау құқығына ие азаматтарымыз жексенбінің таңымен өзінің дауысын береді деп есептеймін», – деді Қазақстан еріктілер лигасының төрағасы Нұрсұлтан Бекқайыров.

Саяси істе жастардың да сауатты болғаны қажет. Өйткені, бүгінгі жас – ертеңгі маман. Ал олардың ел ісінде белсенділік танытып, жең түре кірісуі мемлекеттің ертеңі үшін керек.

«Қоғамның көп бөлігі жастар. Сондықтан, қоғамның көп бөлігі жастар болғандықтан, жастарға артылған міндет пен үміт өте көп. Сондықтан, үміт күтетін жастар ретінде бұл сайлауға қатысуымыз керек. Өзгерісті өзімізден бастауымыз керек», – деді «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әкежан Кеңесов.

Теги: сайлау