Сайлау учаскелерінің алдында жәрмеңке ұйымдастырылды

21.11.2022 00:38

Түрксіб ауданындағы № 456 сайлау учаскесінде балаларға тегін аквагрим ұйымдастырылды

Almaty.tv.

Алматыда бүгінгі сайлауға дауыс беруге ерекше дайындықпен барды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл - ұлттық киімдерін киіп сайлауға ерекше дайындықпен келген Жетісу аудандық ұйғыр мәдени орталығының өкілдері. Олар еліміз үшін маңызды сәтте ауызбіршілік танытып, дос-жаран, аға-бауыр, бала-шағаларын ертіп дауыс беру учаскесіне барды. «Сән-салтанатпен келудегі басты мақсатымыз елдегі маңызды саяси науқан біз үшін мейрам іспеттес» дейді орталықтағылар.

«Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар үшін мереке деп ойлаймыз. Неге десеңіздер? Біз келешегімізді ойлап, ҚР Президентін  сайлаймыз. Бұл күнді мейрам ретінде өзіміздің ұлттық киімімізді киіп келеміз», – деді Ұйғыр мәдени орталығының мүшесі Низамдин Гараев.

Ал Түрксіб ауданындағы № 456 сайлау учаскесінде балаларға тегін аквагрим ұйымдастырылды. Ата-аналары Президент сайлауында таңдауын жасағанша, маман бүлдіршіндердің бетін әрлеп, көк тудың суретін салып берді. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпаққа елге, отанға деген патриоттық сезімді ояту. Ал мұндай тосын сыйға балалар дән риза болды.

«Үш баланың анасымын. Балапандарымның болашағы үшін алаңдаймын. Өмірлері жарқын болуы үшін сайлауға дауыс беруге келдім. Олар бүгін менімен бірге жүр. Өйткені ел өміріндегі маңызды сәтті өз көзімен көрсін, жүрегімен сезінсін, Балалардың ел үшін еміренетін ерен тұлға болғандарын қалаймын», – деді  қала тұрғыны Эльвира Тоқаева

Ал атақты жиһанкез Дмитрий Петрухин сайлауға әлемді аралап келген темір тұлпарына мініп келді. Әдетте саяхаттан қолы босай бермейтін ол елдегі саяси науқаннан шетте қалуға болмайтынын айтады. Сондықтан сайлауға қатысқан отандастарын қолдайтынын айтты. Айтпақшы, жиһанкез бүгінгі сайлауға да Қазақстанның туын арқалай келді. Байкер еліміздің қастерлі байрағымен әлемнің 170 елін аралап шыққан.

«Бүгін мен үшін мейрам десем де болады. Сайлауға келгенімде жүрегім жылып, құдды бір мереке секілді сезілді. Бұл жолы да көк байрағымызды желбіретіп, қаланы аралап келе жатырмын. Осылайша халықты құттықтап, елдің көңіл-күйін көтергім келді», – деді жиһанкез Дмитрий Петрухин

Сайлауға келушілердің рухын көтеру үшін қалалық Қолөнер палатасының ұйымдастыруымен сайлау учаскелерінің алдында жәрмеңкелер өтті. Онда керамика, түрлі-түсті тастардан жасалған бұйымдар көрмеге қойылды. Дауыс беру учаскесіне келгендер жүрегі қалаған әшекей, ұлттық атрибуттарды сатып ала алды.

Жадыра Омаржан, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы