«Сайлау – бұрынғы қателерден арылатын жаңа бір үлкен белес болатын шығар». Сайлау туралы қоғамда, әсіресе зиялы қауым ортасында түрлі пікір айтылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көбінің ойы бұдан кейін тек бір рет сайланатын Президентке 7 жыл уақыт өзін көрсететін, халыққа қызмет істейтін әрі түйткілді мәселелерді шешуіне жетерлік мезгіл дегенге саяды.
«Бұл сайлауда біздің еліміздің, жалпы халқымыздың алдында тағы да бір үлкен тағдыр тұр. Қазіргі бүкіләлемдік геосаяси жағдайды ескеретін болсақ, біздің еліміздің ішкі жағдайын ескеретін болсақ, бізге ең бірінші бірлік керек, тұтастық керек, ынтымақ керек. Кез-келген дүниені ынтымақпен шешуге болады», – деді М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.
«Суретшілер қауымы саясатқа аса араласа бермейді. Бірақ біз мемлекет пен оның азаматтары бір-біріне қолдау білдіруі керектігін жете түсінеміз. Жолдауда айтылған мәселелерді шешу мен Президент сайлауын өткізу еліміздің өркендеуі үшін жасалатын дүниелер деп білемін», – деді кескіндемеші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Амандос Ақанаев.
Сондай-ақ ел қалаулылары бұл жолғы науқан ашық өтеді деп үміттенеді. Сайлаудан кейін билікте ұзын арқан, кең тұсаумен отырған адамдардың көбі жастармен ауыстырылады деген ойда.
«Осыған дейінгі сайлаулардың барлығында, мысалы, көңілімізде қалып жатқан күдіктер болып жатты, дауыс ұрланған деген нәрселер болды. Бұл сайлаудан біз әділдік күтеміз. Әділдік ол халықтың алдындағы жариялалық деп білемін», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Байғали Есенәлиев.