Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облысында дауыс беру жалғасып жатыр
Еліміздің 15 өңірінде ашылған сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Атап айтқанда, Абай облысында – 475, Ақмола облысында- 717, Алматы облысында – 606, Шығыс Қазақстан облысында – 537, Жамбыл облысында – 493, Жетісу облысында – 447, Қарағанды облысында – 642, Қостанай облысында – 745, Павлодар облысында – 528, Солтүстік Қазақстан облысында – 640, Түркістан облысында – 919, Ұлытау облысында – 136, Астана қаласында – 406, Алматы қаласында - 600, Шымкент қаласында 311 сайлау учаскесі жұмысын тоқтатты.
Енді аталған учаскелерде комиссия мүшелері бюллетендерді санауға кіріседі.
Қазіргі уақытта 5 өңірде, атап айтқанда Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облысында дауыс беру жалғасып жатыр.
Бұл өңірлерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де, астана уақытымен сағат 21.00-де аяқталады.
Сонымен қатар Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жанынан ашылған 68 сайлау учаскесінің 10-ы жұмысын бітірді.
«Шет мемлекеттегі қазақстандықтар да белсенді түрде дауыс беріп жатыр. Сыртқы істер министрлігінің кешкі жетіде таратқан соңғы ақпаратына сәкес, шеттегі 7400-ге жуық отандасымыз өз таңдауын жасап үлгерген. Қазір әлемнің 10 елінде дауыс беру аяқталған. Ал 57 сайлау учаскесі әлі өз жұмысын жалғастыруда. Украина аумағында жүрген Қазақстан азаматтары мен елшілік қызметкерлері Варшава қаласына барып дауыс береді», – деді ҚР ОСК хатшысы Мұхтар Ерман.
«Сағат19.00-дегі жағдай бойынша Сеул, Токио, Пекин, Сингапур, Куала-Лумпур, Улан-Батор, Гонконг, Шанхай, Бангкок және Джакартадағы сайлау учаскелерінің жұмысы аяқталды. Әзірге 7400-ге жуық Қазақстан азаматы өз дауысын беріп үлгерді», – деді ҚР СІМ орынбасары Роман Василенко
Еске сала кетейік, елдегі саяси додаға 641 халықаралық байқаушы қатысты. Оның ішінде 10 халықаралық ұйымнан 532 және 35 шет мемлекеттен 109 адам сайлаудың әділ өтуін бақылаған. Одан бөлек, 264 шетелдік журналист саяси дода туралы ақпарат таратып отырды.