«Бізге тұрақтылық пен бірлік, күшті Президент пен ықпалды Парламент керек». Еліміздің белгілі тұлғалары, халық қалаулылары алдағы Президент сайлауына қатысты осындай пікір білдірді. Зиялы қауым өкілдері саяси дода әділ өтеді деген сенімде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қолдаймын сайлауды. Сайлаудан кейін жалпы мынау халықтың әл-ауқаты, халықтың мәдениеті, әдебиеті, ғылымына көп көңіл аударамыз деген уәделер бар, соған мен сенемін», – деді Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов.
«Әлемдік тәжірибеде бір елдерде 4 жыл, бір елдерде 5 жыл. Ал енді әрбір президент өзі сайланғаннан кейін 7 жылдық мерзімде көптеген дүниелерге қол жеткізіп, соған нүкте қойып, өзінің бағдарламасындағы көрсетілген жайттардың барлығын жүзеге асыруға мүмкіндік бар деген жорамал айтылып отыр», – деді ақын, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып.
Қаламгерлер сайлаудан кейін Қазақстан жаңа кезеңге қадам басатынына сенеді. Бастысы бейбітшіліктің бесігі тербеліп тұрса болғаны дейді. Белгілі жазушы Сәуле Досжан елімізде ірі экономикалық реформалар жүріп жатқанын айта келе, бұл сайлау халықтың жағдайын жасау мүддесінен шыққан науқан деген ой қосты.
«Әділетті болады деп жатырмыз алдағы өміріміз. Соның бастаулары бар. Қазір көптеген жақсы экономикалық реформалар, тіпті, осы адамның санасына да реформалар болып жатыр. Қазір байқап отырсаңыз, халықтың бәрі «Әділеттіліктің шеті шығып жатыр, жақсы, жылы леп есіп жатыр» деген әңгіме айтып жатыр. Сондықтан бұл сайлау өте жақсы сайлау болады, түбі біздің мемлекетімізге жақсылық әкеледі деп сенемін», – деді ақын, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан.
«Жаһандану кезінде, өркениеттің заманында, бәрі бәсекеге, жарысқа түскен заманда әр мемлекет өз тұғырын тіктеп, туын желбіретіп ұстап тұра алу үшін де үлкен күш керек, бірлік керек, ынтымақ керек», – деді ақын, ҚР жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан.