Сайлау-2022: Үміткерлердің үгіт-насихат жұмысы жалғасып жатыр

03.11.2022 01:53

Бүгін – сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының 13-күні

nur.kz

Ел Президенттігіне ұсынылған 6 үміткердің үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде өңірлерде кандидаттардың қолдаушы штабтары жұмыс істеп, тұрғындармен кездесу сынды іс-шаралар ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кандидат Тоқаевтың республикалық штабы Шығыс Қазақстандағы үгіт-насихат жұмыстары кезінде этномәдени бірлестік өкілдерімен жүздесті. Одан бөлек, кәсіпкерлермен, өндіріс саласындағы жұмысшылармен, жергілікті тұрғындармен кездесіп, үміткердің сайлауалды бағдарламасы таныстырылды.

«Ішкі саяси тұрақтылық, этносаралық келісім, мызғымас мемлекеттік егемендік және еліміздің аумақтық тұтастығы –  қуатты Қазақстан құрудың негізі. Сондай-ақ бұл жолда ұлттық мүдде мен азаматтық патриотизмді қорғаудың маңызы зор», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы делегациясының басшысы Мәулен Әшімбаев

Үміткер Мейрам Қажыкен Абай облысына сапарында «Семей инжинеринг» зауытына барды. Еңбек ұжымымен кездесуде канидат сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Сондай-ақ қызметкерлермен саяси-әлеуметтік тақырыпта пікір алмасып, сұрақтарға жауап берді.

«Жоспарымыз өте көп. Мейрам Зекешұлы Семей қаласындағы университет госпиталінде медицина академиясының оқытушылары және дәрігерлер, медициналық құраммен кездеседі. Өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырады», – деді ҚР Президенттігіне үміткер М. Қажыкеннің облыстағы штаб басшысы Әлфия Сайфутдинова.

Алматы облысындағы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатқан кандидат Қарақат Әбден Есік қаласын аралады. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен жолығып, сайлауалды бағдарламасының негізгі деген басымдықтарына тоқталды.

«Мектепке дейінгі мекемелерде көптеген жетістіктер бар. Мемлекеттен де қолдау көрсетіліп жатыр. Әрине мекемелерде проблемалар да бар. Олар өз шешімін тауып жатыр», – деді балабақша меңгерушісі Жазира Нұрғожаева.

Қарағанды облысына барған кандидат Жигули Дайрабаев «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік кешенінің жұмысымен танысты. Қызметкерлермен жолыққаннан кейін өңірлік штабта селекторлық отырыс өткізді. Онда үгіт-насихат науқанының 10 күндігін қортындылады.

«Жиналыс өте бір сындарлы жағдайда өтті. Көп азамат ойын ортаға салды. Қойған сұрақтарынан қанағат таптым», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Жигули Дайрабаев.

Үміткер Нұрлан Әуесбаев Шымкенттегі үгіт-насихат кезінде Қазығұрт шағынауданының тұрғындармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жиынға науқанның өту барысын бақылайтын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының байқаушылары қатысты.

«Жұмыс сапарымен Шымкент қаласында кезекті кездесу болды. Бұған өзімнің көңілім толды, ризашылық білдіремін. Мүмкін жерлестерім болғандықтан шығар. Сайлауалды бағдарламамды жақсы түсіндіріп, жеткізе білдім», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев

Шымкент пен Түркістан облысына барған кандидат Салтанат Тұрсынбекова жергілікті құқық қорғаушылармен кездесті. Сонымен қатар, өңірдегі отбасын қолдау орталығының жұмысымен танысып, қалалық адвокаттар алқасымен де жолықты.

«Мен де заңгер болғанмын. Менің әріптестерімнің айтқаны, менің ойым, пікіріміз сай келеді», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова.

Бүгін – сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының 13-күні. Айта кетсек, жаңа заңға сәйкес, енді Қазақстан Президенті 7 жылдық мерзімге бір рет қана сайланады.

Оразай Нұртай, «Алматы» телеарнасы