Алматы қаласының мәслихатына 42 депутат сайланады

10.02.2023 17:39

Ең жас кандидат 2002 жылғы болса, ең үлкені 1947 жылғы

Өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматы қаласының мәслихатына 42 депутат сайланады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұндай мәліметті Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласының Аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Айгүл Қалықова келтірді.

Атап өтетін жайт, сайланатын 42 депутаттың  21-і  бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша, 21-і партиялық тізім бойынша.

Қазіргі уақытта Алматы қаласының мәслихат депутаттарын партиялық тізімдер арқылы сайлау бойынша 6 саяси партияның тізімдерімен 153 кандидат ұсынылды. Атап айтқанда:

«Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі (42 кандидат)

«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі (20 кандидат)

AMANAT партиясы қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалы (63 кандидат)

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі» (6 кандидат)

Respublica партиясы қоғамдық бірлестігі» (15 кандидат)

«Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігі (7 кандидат)

Саяси партиялар құжаттарды Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес ұсынады. Әрбір партиялық тізімде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдардың саны кемінде 30%-ды құрайды.

Алматы қаласы мәслихаты депутаттарын сайлау бойынша 21 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 210 кандидат ұсынылды.

Орташа есеппен бірмандатқа 10 адамнан келеді. Ең үлкен бәсекелестік 4-ші округте бір орын үшін 19 адам.

Ұсынылған кандидаттардың 166-сы ер, 44-і әйел адам.

Ең жас кандидат 2002 жылғы болса, ең үлкені 1947 жылғы.

Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес кандидаттарды тіркеу туралы мәлімет БАҚ-тарда және сайлау комиссияларының интернет-ресурсында жарияланады.