Елімізде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдеріне үміткерлерді тіркеу басталды

15.09.2023 18:33

Кандидаттарды тіркеу сайлауға 25 күн қалғанда аяқталады

Almaty.tv

Бүгін елімізде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдеріне үміткерлерді тіркеу басталды. Алғаш рет ұйымдастырылайын деп отырған сайлауда аймақ басшыларын халық өзі сайлайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Республика бойынша 3 қала мен 42 аудан басшысын қараша өзі таңдамақ. Бірақ бұл пилоттық жоба ретінде жүзеге асады. Саяси науқан мәслихат бекітіп берген жерлерде ғана ұйымдастырылады. Кандидаттарды тіркеу бүгін басталып, сайлауға 25 күн қалғанда аяқталады.

– Кандидаттарды ұсыну сайлау күні белгіленгеннен кейін басталады. Үміткерлерді ұсыну дауыс беруге 30 күн қалғанда аяқталады. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, егер осы мерзімде екі кандидаттан кем ұсынылса, аумақтық сайлау комиссиясы кезеңді ұзартуға құқылы, – деді ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.

Әкім болуға үміттілердің мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі міндетті емес. Кез келген салада жұмыс істеген азамат өзінің кандидатурасын ұсына алады. Халық қалап, сенім артқан 25 жастан асқан үміткер қатысуға құқылы. Тағы бір талап –  кемінде 5 жыл еңбек өтілі болуы шарт. Сондай-ақ бұрын-соңды елу адамнан асатын ұйымға 2 жыл басшылық етуі міндетті.

– Конституцияға сәйкес, сот іс әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға қатысуға құқығы жоқ. Бұл ҚР Конституциясының 33-бабы 3-тармағында көрсетілген, – деді ҚР ОСК мүшесі Шавхат Өтемісов.

Саяси партиялар мен облыс әкімдері өз кандидатын ұсына алады. Егер сайлауда жалғыз үміткер болса, аумақтық сайлау комиссиясы бұл мерзімді ұзартады. Кандидаттар тіркелгеннен кейін олардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталады. Науқан 24 күнге созылады.

– ОСК алдағы сайлаудың заңдылығын, ашықтығы мен әділдігін, қатаң бақылайды. Біз өткен науқандағыдай өңірлерге инспекциялық сапар жоспарладық. Әкімдер сайлауы өтетін аудандарға баруды жоспарлап отырмыз. Сайлауды ұйымдастыру барысын, комиссияларын, сайлау процесіне тартылған өзге де органдарды бақылауға ниеттіміз, – деді ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров

Сайлауды өткізу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейді. Қаржы тек жергілікті қазынадан бөлінуі тиіс. 5 қарашада өтетін сайлауға жергілікті бюджет есебінен 2,2 млрд теңге қарастырылған.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірханов, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Декларацияны тапсыру мерзімі қашан аяқталады