Өңірлер арасында дауыс беру бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр
Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау басталғалы 3 сағаттың ішінде дауыс беруге құқылы азаматтардың 14%-ы өз таңдауын жасаған. Қазір бұл сандар біршама өзгерді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Таңғы сағат 7:00-ден бері 5 сағаттың ішінде Қазақстанда дауыс беруге құқылы азаматтардың 30,65%-ы өз таңдауын жасаған. Яғни, халықтың саяси науқанға деген белсенділігі жоғары екенін байқап тұрмыз. Өйткені сағат 10:00-дегі ақпарат бойынша, халықтың 14%-ы дауыс берген еді. Қазір ол сан еселенген. Орталық сайлау комиссиясы жаңа ғана брифингті аяқтады. Ондағы соңғы ақпарат мынадай: өңірлер арасында дауыс беру бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Ол жақта 38,29% дауыс беруші таңдау жасаған. Одан кейін 37,39% Қостанай облысы тұрса, үштікті Жамбыл облысы түйіндейді.
«Жалпы еліміз бойынша, сағат 12:00-дегі жағдай бойынша 3 миллион 6 жүз 87 мың 608 азамат бюллетень алды. Бұл дауыс беруге арналған тізімдерде енгізілгендердің 30,65 пайызын құрады. Барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру процесін кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірген адамдары, халықаралыық байқаушылар, акредиттелген қоғамдық бірлестіктердің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері байқауда», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина.
Негізі, бүгін 62 өзге мемлекетте 77 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Олар уақыт ерекшеліктеріне байланысты есігін ашып жатыр. Мәселен, сағат 11-ге таман Санкт-Петербург пен Қазандағы сайлау учаскелері ашылды. Ал осыдан бір сағат бұрын Кувейт, Брест, ТельАвив, Бухарест және Оңтүстік Африкада дауыс беру орындары жұмыстарын бастады.