Зиялы қауым өкілдері: сайлауға қатысу азаматтық міндетіміз

19.03.2023 20:33
Almaty.tv

«Бүгін Қазақстанның әрбір азаматы үшін жауапты күн. Ел тағдырына тікелей қатысты саяси науқанға халық бейжай қарамағаны жөн». Осылай деген зиялы қауым өкілдері Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауында дауыс берді. Мұны олар "азаматтық міндетіміз" дейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бүгін Қазақстанның әрбір азаматы үшін аса жауапты күндердің бірі. Өйткені біздің елдің болашағы, мемлекетіміздің дамуы, келешегі жөніндегі үлкен іске қадам жасалып жатыр. Осы өткен бір жылдың ішінде қаншама саяси науқандар болды. Содан халқымыздың әрдайым сергектік көрсетіп келе жатқанын көруге болады», – деді М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.

Саяси науқанда шет қалмай, өз таңдауын жасауға келгендер қатарында қазақ тілінің жанашыры Асылы Осман мен әйгілі Дос-Мұқасан ансамблінің көркемдік жетекшісі, әрі негізін қалаушы Мұрат Құсайыновта бар. Олар өздері тіркелген сайлау учаскесіне таңмен таласа келіп, алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Одан бөлек, дәл бүгін ел бойынша өтіп жатқан саяси науқанның маңызына да тоқталып өтті.

«Әділетті болайық. Шыншыл болайық. Адалдыққа еш нәрсе жетпейді.Сондықтан мен баршаны депутаттыққа үн қосуға шақырамын», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман.

«Мені осы өзгерістер, қазіргі өзгерістер шын қуантады. Себебі егемендік алғалы бері шын демократиялық жолға түсіп келе жатырмыз деп айтар едім. Әрине, бұл бастамасы ғана», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Құсайынов.