Үміткерлердің есімі партияның кезектен тыс XXY сьезінде айтылды
Аманат партиясы Мәжіліс депутаттығына 119 кандидат ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үміткерлердің есімі партияның бүгін өткен кезектен тыс XXY сьезінде айтылды.
AMANAT партиясының кезектен тыс XXY сьезіне Қазақстанның түпкір-түпкірінен 2 мыңнан аса адам жиналған. Бұрынғыдай алдыңғы қатарда министрлер мен әкімдер отырған жоқ. Олардың орнына теледидардан күнделікті бағдарлама жүргізіп жүрген журналист Мақсат Толықбай мен Нартай Аралбайұлы, қазақша күрес шебері Айбек Нұғымаров, айтыскер ақын Ринат Зайытов бар. Одан бөлек, Серік Сәпиев, Илья Ильин сынды танымал тұлғалар да болды. Жиында сөз алған партияның төрағасы Ерлан Қошанов, саяси ұйымның құрамы 75 пайызға жаңарғанын айтты. Алдағы сайлауда халықтың көп дауысын жинаудан үмітті екен.
«Бүгінгі AMANAT қандай партия? Додаға түскен партиялардың мүмкіндіктері бірдей әрі тең. Біз өз күшімізге сенімдіміз. Партияның 800 мыңнан аса мүшесі бар. Артымызда қалың қол тұр.AMANAT бір сайлаудың немесе бір науқанның партиясы емес. Біз 365 күн бойы, 24 сағат үзіліссіз, тынымсыз жұмыс істеп келеміз», – деді AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.
Жақында ғана оқу-ағарту министрі қызметін босатқан Асхат Аймағамбетов та жеңін түріп тастап, сахнада сөз сөйледі. Айтуынша, алдағы сайлау халықтың мүддесін мінберде ашық айтып қана қоймай, ісімен де дәлелдейтін депутаттардың додасы болмақ.
«Осы сайлау елімізді түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Өзгерістер туралы көп айтамыз. Бірақ сол өзгерісті енгізу үшін сенім пайда болуы керек. Ал сенім пайда болуы үшін нақты іс керек. Халқымыз бос ұраннан, түрлі әдемі жоспардан, әртүрлі әдемі слайдтан шаршады. Нақты іспен дәлелдеу керек», – деді AMANAT партиясының мүшесі Асхат Аймағамбетов.
Сьез барысында Жетісу және Ұлытау облысының әкімдері AMANAT партиясы саяси кеңесінің құрамынан шығарылды. Ал Алматы облыстық филиалының және Абай облыстық филиалының төрағалары мен атқарушы хатшы Елнұр Бейсенбаев партияның саяси кеңес құрамына қосылды. Елнұр Бейсембаевтың сөзіне сенсек, партия толықтай трансформациядан өткен. Қатарына әр саланың үздігі қосылған.
«Партияны сайлаудан кейін де жаңартамыз. Біз тәуекелге бара жатырмыз. Жаңаруға, одан ары өзгеруге дайынбыз. Бұл – менің не партияның емес, қоғамның талабы. Бізге қойып отырған халықтың талабы», – деді AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев.
AMANAT партиясы мәжіліс сайлауына 119, ал мәслихатқа 3 мың 821 кандидат ұсынды. Төменгі палатаға партиялық тізіммен 90 адам, бір мандаттық округтер бойынша 29 азаматтың тізімін бекітті. Олардың арасында Ринат Зайытов, Есен Елеукен, Мақсат Толықбай, Асхат Аймағамбетов және мәжілістің YII шақырылымында болған белсенді азаматтар бар. Алайда, кезінде ең жас депутат атанған Мәди Ахметов партияның тізімінде жоқ болып шықты.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Утеев, «Алматы» телеарнасы, Астана