AMANAT партиясы жыл сайын 50 мыңнан астам жұмыс орнын құруға атсалысады

19.02.2023 22:24

Бұл туралы Алматы қалалық сайлауалды штабының салтанатты ашылу жиынында айтты

Фото: AMANAT баспасөз қызметінен

Бүгін AMANAT партиясы Алматы қалалық сайлауалды штабының салтанатты ашылу жиыны өтті, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Алқалы жиынды қалалық үгіт-насихат штабының басшысы болып тағайындалған, партияның Саяси кеңесі бюросының мүшесі Станислав Канкуров ашып, жүргізіп отырды. Бұл саяси науқанның мемлекет пен қоғам, әр азаматтың болашағы үшін маңызы зор екенін тілге тиек еткен С.Канкуров кеше 18 ақпан күні сағат 18:01-ден бастап Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауының үгіт-насихат жұмыстары ресми түрде басталғанын мәлімдеді.

Басқосуда AMANAT партиясының Алматы қалалық филиалы өзінің өңірлік сайлауалды бағдарламасы жария етті. Дәлірек айтқанда, АМАNАТ партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, қалалық сайлауалды штабы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев АМАNАТ партиясының Алматы қаласы бойынша алдағы 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламасы туралы баяндап берді. М.Отыншиев қала тұрғындарының  қажеттілігі мен тілектеріне негізделген әрі мұқият ойластырылған іс-қимыл жоспардың  әзірленгенін тілге тиек етті. Осылайша халықтың талап-тілегі сайлауалды бағдарламада 5 негізгі бағыт бойынша, атап айтқанда, дамыған экономика, сапалы инфрақұрылым, қолжетімді білім және денсаулық сақтау, мәдени, спорттық және жастар қаласы, қауіпсіз қалалық орта деп топтастырылған.

Ең әуелі, партия әр адамның жұмысқа орналасуға, лайықты жалақы алуға, өзін және отбасын қамтамасыз етуге қабілетті болу керек деп есептейді. Осы мақсатта партия халықтың нақты табысын арттыруға жәрдемдеспек.  Ол үшін партия Алматыда  жыл сайын 50 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, «бірінші жұмыс орны», «ұрпақтар келісімшарты», «күміс жас» жобалары бойынша 700 адамды жұмыспен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

«Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында 43 мыңнан астам мұқтаж отбасы тұрғын үйге қол жеткізетін болады. Оның ішінде «Алматы жастары 3.0» бағдарламасы бойынша 5100 пәтер, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 25 мың пәтер арқылы тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асырса, 9,5 мың жалдамалы және 4 мың несиелік тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. AMANAT партиясы қаланың барлық аудандарында сапалы білім алуда тең мүмкіндіктер ашу, оқушылар орнының тапшылығын азайту, сондай-ақ білім саласындағы басқа да мәселелерді шешуге бастамашылық етеді. Сонымен қатар жыл сайын 10 мыңнан астам жасты заманға сай өзекті мамандықтарға оқытуға, «Жастар тәжірибесі» жобасы аясында жыл сайын 1000 жұмыссыз жасты жұмыспен қамтуға ықпал етпек.

«Бұл аталған міндеттерді іске асырушы қалалық мәслихаттағы AMANAT партиясының фракциясы болады. Фракция мүшелері арқылы партия қала бюджетін қалыптастыруға, нақтылауға және бекітуге белсенді қатысып, алматылықтардың өмірін жақсартатын қағиданы әзірлейді. Ол үшін партияның қалалық және аудандық филиалдарының барлық тиімді тетігі мен ресурсы пайдаланылады», — деп қорытындылады сөзін М.Отыншиев.

Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған AMANAT партиясы сайлау қорының қаражатынан төленді.