Қазір олар дайындық жұмыстарын бастап кетті
Елімізде алдағы саяси науқанның әділ, әрі ережеге сай өтуін тәуелсіз байқаушылар қадағалайды. Қазір олар дайындық жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сайлау кезінде Алматыда түрлі ұйымдарға байқаушы болуға ниетті жандар үшін қазір тіркеу жұмысы жалғасып жатыр. Олар алдымен арнайы оқыту курсынан өтеді.
Атап айтсақ, заңнама, ішкі жанжалды өзара шешу және коммуникация сынды тақырыптарда білімдерін жетілдіреді. Кейіннен дауыс беруге келушілердің құқығын қорғау мақсатында сайлау учаскелерінде жұмыс істейді.
Айта кетейік, 19 наурыз Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау кезінде мегаполисте 603 сайлау учаскесі ұйымдастырылмақ.
«Қазір байқаушы болуға тіркеліп жатқандардың басым көпшілігі жастар. Бұл олардың еліміздегі саяси науқанға аса қызғушылық танытып жатқандығын көрсетеді. Олар 19 наурыз күні тек сайлау учаскелерінде сайлау процесін байқап қана қоймай, өздерінің заң тұрғысынан білімдерін жетілдіреді. Саяси өзгеріс елімізге не үшін керек екенін түсінеді. Қазір біз байқаушы болуға ниеттілерді әлі де тіркеп жатырмыз. 18 жасқа толған кез келген Қазақстан азаматы біздің ұйымға келіп, өзі туралы толық мәлімет қалдырса болады», – деді Qogamdyk Pikir тәуелсіз байқаушылар ұйымының мүшесі Диана Малаева.