«Ақ жол» партиясы сайлау жарнасын төлеуден босатылған
«Ақ жол» партиясы 19 наурызда болатын Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысу үшін ресми түрде тіркеуден өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өздерін демократиялық партиямыз деп таныстыратын «ақжолдықтар» кезектен тыс Мәжіліс депутаттарының сайлауына 54 кандидат ұсыныпты. Олардың арасында 18 әйел, жастар және мүгедектігі бар адамдар тіркелген. Бұл үміткерлердің жалпы санының – 33,3 пайызы екен. ОСК дерегінше, барлық кандидат «Сайлау туралы» конституциялық заңның талабына сай келеді. Сайлау заңына сәйкес партиялық тізімге енген әр кандидат сайлау жарнасын төлеу қажет. Оның мөлшері бір адамға 1 миллион 50 мың теңге. «Ақ жол» партиясы сайлау жарнасын төлеуден босатылған.
«Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс берушілер қатысқан дауыстың 5 және одан да көп процентін алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді. 2021 жылы қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы сайлаушылардың 1,95 процентін алған. Осыған байланысты сайлау жарнасын төлеуден босатылады», – деді ҚР ОСК-ның мүшесі Асылбек Смағұлов.
Отырыстың ресми бөлігі аяқталған соң «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев журналистерге сұхбат берді. Оның айтуынша, партия ұсынып отырған азаматтардың 60 пайызы жаңа адамдар. Сонымен қатар, саяси ұйым атынан алдынғы шақырылымда Мәжіліс депутаты болғандар да бар.
«Бір топ 20-дан астам адам жергілікті филиал басшылары мен өкілдерінен іріктелді. Жаңадан келіп қосылған үзеңгілестер бар. 60 пайыздан астамы – жаңа азаматтар», – деді «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына ұсынылған кандидаттарды тіркеу 18 ақпанға дейін жалғасады. Ал сайлаудың 19 наурыз күні өтеді.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана