|
10.01.2021 | 15:57
7141

Сайлау-2021: танымал өнер және спорт жұлдыздары азаматтық таңдауын жасады

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, атақты «Музарт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев те сайлауға барып, дауыс берді

Сайлау-2021: танымал өнер және спорт жұлдыздары азаматтық таңдауын жасады inform.kz

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауында өтуде. Сайлауға қоғам қайраткерлері, спортшылар, қазақстандық жұлдыздар қатысып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

КСРО Халық әртісі, актер, режиссер Асанәлі Әшімов қазақстандықтарды сайлауда белсенді болуға шақырып, өзі де сайлаушылар қатарынан табылды.

«Бүгін – ұлттық мереке. Осы айтулы мерекемен барша қазақстандықтарды құттықтаймын. Әрбір азаматтың таңдау мүмкіндігі бар. Барлық партия бірдей. Әр партияда менің көрерменім бар. Мен көзімді жұмып тұрып өз таңдауымды жасадым. Мен партияларды бөліп-жармаймын. Сондықтан Мәжіліске халықтың игілігі үшін жұмыс жасайтын адал және білімді адамдар келсе қуанамын. Мен халық әртісімін және әрдайым халқымды қолдаймын»,– деді А. Әшімов.

Алматыда Ұлттық кітапханада №254 учаскеде ҚР халық әртісі Ескендір Хасанғалиев дауыс берді. Әнші дауыс беру процесіне өзінің жарымен бірге қатысты.


«Мен сайлауға жас кезімнен қатысып келемін. Әдетте біз түгел отбасымызбен дауыс береміз. Біздің басты міндетіміз– Мемлекет басшысының барлық бастамасына қолдау көрсету. Бұл сайлау халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда үлкен рөл ойнайды. Осы жауапкершілікті сезініп келе жатқан жастарымыздың көбіне қуаныштымын. Бұл жастардың сана сезімінің, ақыл-парасатының өскенін білдіреді. Мен Қазақстанның болашағына сенемін»,– деді Е.Хасанғалиев.

ҚР Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, өнертану ғылымының кандидаты, профессор Тұңғышбай әл-Тарази сайлауға қатысып, азаматтық таңдауын жасады.

«Патриоттық сезіммен өз таңдауымды жасадым. Дауыс беру әр адамның парызы. Сайлауға келу керек, дауыс беру керек. Мен елімді жақсы көрем. Мен мемлекетшіл адаммын. Отанымды, қазағымды жақсы көрем.Тілімді жақсы көрем. Ділім бұзылмасын деймін. Дінге де мойынсынамын. Дін – ол идеология. Мен өнер адамымын. Өнерде идеология»,– дейді Тұғышбай әл-Тарази.

Кинорежиссер, Қазақстан халық әртісі Досхан Жолжақсынов та сайлауға барды.

«Қазір әр азамат қай үміткердің бағдарламасы көңіліне жақты, кімнің жоспары ұнаса, соған дауыс беру керек. Бұл орайда халық өте белсенді. Себебі, соңғы уақытта халықтың саяси сауаты да ашылып келеді. Олар кімге дауыс беріп жатқанын жақсы біледі. Сайлауға келіп дауыс беру – әр азаматтың борышы», –  деді ол.

Кинорежиссер, кинодраматург, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов те сайлауға қатысты.

«ХХІ ғасырдың 21-ші жылындағы сайлауға АҚШ-тан келген немеремді ертіп бардым. Ол АҚШ-тағы сайлауды көрген, бірақ Қазақстандағы сайлау барысымен таныс емес еді. Сондықтан оны көрсін, білсін деген мақсатта апардым. Біз барған № 141 сайлау учаскесінде карантин талаптары толық сақталған. Ұйымдастырушылар алдымен келушілердің дене қызуын өлшеп, барлық қажетті сақтық шараларын жасап жатыр. Ел ерге, ер елге сенім артқан уақытта үкілі үміт артып таңдау жасадым. Өйткені болашағамыз бүгінгі сайлауға байланысты. Сондықтан жеріміз, тіліміз, діліміз үшін дауыс бердім»,– деді Талғат Теменов.

«Гүлдер» ансамблінің директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы да сайлауға барды.

«Бүгін халқымыз үшін маңызды күн. Мен де барша халықпен бірге елдегі айтулы саяси іс-шараға үн қосып, сайлауда өз дауысымды бердім. Сайлауға қатысу – жауапкершіліктің көрінісі және әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы. Сондықтан сіздерді де сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын! Халқымыздың жағдайын, ел болашағын ойлайтын патриот азаматтар сайланады деп үміттенемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын»,– деді ол.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, атақты «Музарт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев те сайлауға барып, дауыс берді.

«Алла дұрыс шешім қабылдауымызды нәсіп етсін. Сайлауға қатысып, белсенділік танытыңыздар! Мен өз таңдауымды жасадым»,– деді С.Майғазиев.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әнші Алтынай Жорабаева да сайлаушылар қатарынан табылды.

«Мен өз таңдауымды жасадым, елдің тұрақтылығы мен береке-бірлігі үшін! Елдің амамандығы мен тыныштығы үшін! Менің таңдауым тұрақты Қазақстан және үдемелі даму»,– деді Instagram жазбасында.

Сайлауға спортшылар да белсене қатысуда. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин, Олимпиада чемпионы, саясаткер Серік Сәпиев, Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев және өзге де спортшылар өз дауысын берді.

Дереккөздер: inform.kz, astana.gov.kz, Instagram

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир