|
20.11.2022 | 14:32
1941

Алматының Бостандық ауданында сайлау қалай өтіп жатыр

Бостандық ауданында орналасқан № 296-сайлау учаскесіне қала тұрғындары таңғы 7.00-ден бастап келіп, өз таңдауын жасап жатыр

Алматының Бостандық ауданында сайлау қалай өтіп жатыр egemen.kz

Алматының сайлау учаскелерінде дауыс беру жалғасып жатыр. Саяси науқанға қатысып, өзі сенім артқан үміткерін таңдауға келген халықтың белсенділігі қазір арта бастаған. Байқаушылар да өз жұмысын жауапкершілікпен атқарып, саяси науқанның әділ өтуін қадағалау үстінде, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бостандық ауданында орналасқан № 296-сайлау учаскесіне қала тұрғындары таңғы 7.00-ден бастап келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Тіпті таңғы 6.00-де келіп, ән айтып, көтеріңкі көңіл-күймен би билегендер де болыпты. Сайлау учаскесінің 6 қызметкері мен комиссия төрағасы да өз орнында. Сондай-ақ, 7 байқаушы науқанды бақылап, дауыс берудің әділ өтуін қадағалап отыр. Қажеттілік туындаған жағдайда байқаушылардың өз міндетін кезекпен атқаруына болады. Олардың айтуынша, бұл учаскеде әзірге ешқандай заңбұзушылық болмаған. Барлығы талапқа сай өтіп жатыр. 

"Бүгінгі сайлау халық үшін мереке десем артық емес. Өйткені бәрі Қазақстанның болашағына зор үміт артып отыр. Дауыс беруге келгендердің барлығы отан алдындағы міндеттерін көтеріңкі көңіл-күймен орындап жатыр. Әсіресе, «бұл науқан – болашағымыз, өскелең ұрпақ үшін маңызды» деген қариялардың белсенділік танытып жатқаны қуантады", - деп №296 сайлау учаскесінің төрағасы Сәуле Төреқұлова учаскедегі сайлау барысын айтып берді. 

"Ешқандай заңбұзушылықтар болып жатқан жоқ. Халық келіп жатыр. Біз қазір енді санап отырмыз. 100-ден аса адам келді осында. Барлықтарын әділетті Қазақстанымызды құру үшін сайлауға қатысуға шақырамын. Өз пікірімізді айтуымыз керек", - деді №296 сайлау учаскесінің тәуелсіз бақылаушысы Бақытқали Дәрменов.

Бұл учаскеде дауыс беруге құқылы 1887 адам тіркелген екен, оның 100-ге жуығы өз таңдауын жасап үлгерген. Таңдауын жасауға келгендер арасында қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар да бар. Арасында шет мемлекеттен арнайы елге келгендер де болды.

"Жаңа мемлекетпіз. Соның болашағы үшін келдім. Біздер, қарт кісілер халықты, болашағымызды сыртта жүргенде әрдайым ойлап жүреміз. Сол жағдайды ескеріп, әдейі келіп отырмын. Осының бәрі елдің болашақ бақыты үшін. Сол 1 адам болып, мен де қосылып, дауыс берейін деп келдім. Жасым 84-те. Ұшақтан түскеннен кейін сәл ауырып қалдым. Бірақ соған қарамастан, келіп тұрмын", - деді жазушы Тұрсынбек Токин.

Сайлау учаскесінде бәрі талапқа сай, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де бар жағдай қарастырылған. 

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир