|
28.02.2023 | 18:14
3045

Сайлау-2023: Үгіт-насихат жұмыстары барлық өңірді қамтып жатыр

Партиялардың үгіт-насихат жұмыстары 18 наурызға дейін жалғасады

Сайлау-2023: Үгіт-насихат жұмыстары барлық өңірді қамтып жатыр ашық дереккөз

Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына сайлауға түсетін партиялар үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Саяси ұйым өкілдері өңір-өңірді аралап, тұрғындармен кездесіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қараша халықтың мәселесін тыңдап, әр партия қордаланған түйіткілді шама шарқына қарай шешеміз деп уәде берсе, енді бірі еліміздегі тұралап қалған салаларды дамыту бойынша бағдарламаларын айтуда.

AMANAT партиясының сайлауалды штабы ШҚО-ның тұрғындарымен кездесті. Зайсан қаласында штаб мүшелері аудандық көпсалалы аурухана ұжымымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасындағы денсаулық сақтау саласын дамыту шараларын талқылады.

«Біз тек облыс орталығында ғана емес, шалғайдағы елдімекендерде тұратын сайлаушылармен де кездесіп жатырмыз. Еліміздегі шекара маңындағы аудандарда медициналық қызметтердің қолжетімділігі, жолдардың сапасы, интернеттің болуы сияқты өзекті мәселелер бар», – деді AMANAT партиясының республикалық сайлауалды штабының басшысы Ерлан Қошанов  

«Ауыл» партиясының өкілдері елордадағы электротехникалық зауытқа барып, ұжыммен кездесті. Саяси бірлестік өкілдері кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен және өндіріс орнындағы еңбек жағдайымен танысты. Сондай-ақ партия өкілдері ШҚО-дағы жылыжайға ат басын бұрды. Көмір жылуымен өсірілетін лимон, банан және ананас бағын көріп, баптаушыларымен әңгімелесті. Сайлауалды үгіт-насихат жүргізушілер жылыжай мамандарына партия бағдарламасын таныстырып, саяси науқанның жай-жапсарына тоқталды.

Respublica партиясының сайлауалды туры Шымкент қаласында жалғасты. Партия мүшелері 33 мыңнан астам адаммен кездескен. Бір күннің ішінде 3 мыңнан көп шымкенттік партия идеясына қызығушылық танытып, бірқатар шараларға қатысты.

«Біздің партиямыз бүгінгі таңда Алматы, Астана, Талдықорған, Сарыөзек, Қонаев, Тараз, Шымкент қалаларында болды. Осы алтыншы күннің қорытындысы ретінде 30 мыңнан астам адаммен жолықтық», – деді Respublica партиясының тең төрағасы Руслан Берденов.

ҚХП Павлодар мұнай-химия зауытының ұжымымен кездесті. Компания жергілікті мұнай өңдеу зауытының базасында жұмыс істейді. Ол бензин қоспалары мен полипропилен түйіршіктерін өндіреді. Партия мүшелері қызметкерлерге партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді.

«Біз депутаттыққа кандидаттармен бірге осы өңірдегі басты кәсіпорын саналатын мұнай-химия зауытына келдік. Мұнда 900-ден астам адам жұмыс істейді. Ұжымға партиямыздың бағдарлама мазмұнын таныстырдық. Осындағы еңбек адамдарымен пікір алмастық», – деді ҚХП республикалық сайлауалды штабының мүшесі Владимир Нагыманов.

Baytaq жасылдар партиясының өкілдері киелі Түркістан өңіріне ат басын тіреді. Әуелі Түлкібас кентіндегі мектепте ұстаздармен кездесу өткізіп, еркін диалог барысында жиналғандарға алдағы саяси науқанның маңызын кеңінен түсіндірді.

«Елдімекендердің сайлауға дайындығы жоғары деп айтуға болады. Неге десеңіз, жергілікті биліктің оған жағдай жасағаны көрініп тұр. Алдымызда келе жатқан сайлау жоғарғы деңгейде өтеді деген сенімдеміз», – деді Baytaq жасылдар партиясы республикалық штабының басшысы Қайрат Айтбай.

«Ақ жол» партиясының кандидаттары Қызылорда облысында үгіт-насихат жұмысын жалғастырды. Сыр елінде ақжолдықтар бірнеше мекемені аралап, жұмысшылармен кездесті. Сайлауалды бағдарламаны жіті таныстырып, көпшілік қойған сұраққа жауап берді. Саяси науқанның маңызы сөз етілді.

«Бүгін біздің мекемеге де депутаттыққа үміткерлер келіп, мекеме жұмысшыларымен кездесті. Басқосу сұрақтарға жауап беріп, ашық диалог форматында өтті», – деді серіктестік директоры Рахымжан Төлиев.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы елордалық сайлаушылармен кездесті. Студенттер мен жас мамандарға саяси ұйымның бағдарламасы жіті түсіндірілді. Жиналғандар білім беру және жұмыспен қамту мәселелері, сондай-ақ медицина саласына қатысты ойын ортаға салды.

«Бүгінгі іс-шара жоғары деңгейде өтті. Кездесуге келген жастар ашық түрде пікірін бөлісті. Сұрақ-жауап алмастық. Олардың белсенділігі ерекше қуантты. Жалпы біз үгіт-насихат жұмыстарын еліміздің барлық өңірінде өткізіп жатырмыз», – деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов.

Айта кетейін, партиялардың үгіт-насихат жұмыстары 18 наурызға дейін жалғасады. Ал 19 наурыз бүкіл ел аумағында Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді.

Өмір Серікбекұлы, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир