|
19.03.2023 | 19:43
1671

Саяси додаға түсіп жатқан партия басшылары да дауыс берді

Елімізде Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауы аяқталуға жақын

Саяси додаға түсіп жатқан партия басшылары да дауыс берді bizmedia.kz

Елімізде Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауы аяқталуға жақын. Көпшілік таңдауын жасап қойды. Саяси додаға түсіп жатқан партия басшылары да дауыс берді, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров елордадағы «Астана опера» театрында орналасқан № 393 сайлау учаскесінде дауыс берді. Партия төрағасы сайлаудың әділ өтетініне сенімді. Айта кетейік, партия атынан Мәжіліс депутаттығына 23 үміткер ұсынылып отыр.

«Бүгін – шынайы тарихи оқиға. Қараңызшы, қаншама партия қатысып жатыр. Біздің ойымызша өткен 26 күн өте қызық болды. Біздің сайлаушылар дұрыс таңдау жасай алады», – деді Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров.

Baytaq жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай да өз таңдауын жасады. Астанадағы №92 мектепте орналасқан №52 сайлау учаскесінде дауыс берді. Азаматхан Әміртай Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы әділ өтетініне сенімді.

«Сайлау әділ өтетіні сөзсіз. Іс-шараны дұрыс ұйымдастырғаны үшін ОСК-ға алғыс айтамыз», – деді  Baytaq жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев №122 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол бүгінгі күн ел үшін маңызды екенін атап өтті. Саяси науқанға атсалысқан штаб мүшелеріне алғысын білдірді. «Ақ жол» партиясынан Мәжіліс депутаттығына 54 кандидат ұсынылып жатыр.

«Алдымен баршаңызды сайлаумен құттықтаймын. Бұл – жаңа Қазақстанға жасалған қадам. Әрі қарай Президент Тоқаев айтқандай басқа да реформаның, өзгерістің жаңа бір толқыны болайын деп отыр», – деді «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов болса №158 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасап, сайлауда дауыс берді. Айта кетейік, саяси ұйым атынан Мәжіліс депутаттығына 19 кандидат ұсынылып отыр.

«Сайлауалды науқан аясында үгіт-насихат жұмысын жақсы атқардық деп ойлаймын. Жоспарымыз жүзеге асты. Белгіленген меже орындалды. Еліміздің барлық өңіріндегі тұрғындармен келелі кездесу өткіздік. Бүгін таңдауымды жасап, дауыс бердім», – деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов.

Айта кетейін, Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына 7 партия халықтың дауысын жинап отыр. Осы жолғы саяси додаға олар аралас жүйемен түсіп жатыр. Енді Мәжілістегі 98 депутаттың 69-ы партиялық тізіммен, қалған 29-ы бірмандатты округтерден өзін-өзі ұсыну арқылы сайланбақ.    

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир