Қазақстандық музыкант Иманбек Grammy сыйлығын жеңіп алды

16.03.2021 01:12

Ол төрт үміткердің ішінен қара үзіп шыққан

Кадр из видео

Бүгін қазақстандықтар үшін ерекше қуаныш, айрықша жеңіс. Павлодарлық музыкант Иманбек Зейкенов аса беделді әрі әлемдік деңгейдегі «Грэмми» сыйлығын жеңіп алды. Лос-Анджелесте онлайн форматта өткен 63-ші марапаттау рәсімінде отандасымыз үздік деп танылып, ТМД елдері арасында поп-музыка жанрында  «Грэмми» жүлдесін алған тұңғыш өнерпаз атанды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Ютуб видеохостингінде 234 миллионнан астам қаралым жинаған ремиксті Иманбек 2019 жылы жазған. Аз уақытта кең танылып үлгерген бұл туынды отандасымызды жаңа белеске, музыка әлемінің ең биік шыңына шығарды. Өнерпаздың айтуынша, ол «Roses» әнінің ремиксін небәрі 2 сағатта жасаған.

«Бір күні ояна салып вконтактеге кірдім. Демалыс болатын. Музыкаларды тыңдап отырып, Roses-ті ұнаттым. Осы әнге бірнәрсе жасауға болады дедім. Көпшіліктің алдында өз музыкамды тыңдай алмаймын. Неге екенін білмеймін», – деді Grammy сыйлығының лауреаты Иманбек Зейкенов.

Иманбек Зейкенов бар болғаны 20 жаста. Ән әрлеуді жергілікті диджей, продюсерлерден, ютуб арналардан үйрендім деген рэпер жайында әйгілі The New York Times газеті арнайы мақала жариялаған. Әлем жұртының назарын өнерімен аударған Иманбек танымал болғанға дейін жергілікті темір жол стансасында жұмыс істеген. Ал бүгінгі жеңісі турасында «Музыкант үшін ең тамаша жетістік – Grammy жеңіп алу, біз оған қол жеткіздік!» – дейді.

Айта кетейік, бүгін Иманбекті әлемдік жеңісімен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтаған болатын.

Мадина Оқас, «Алматы» арнасы