Төреғали Төрәлінің қамаудағы мерзімі тағы 15 күнге созылды

04.07.2023 13:32

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ

smi24.kz

Әнші Төреғали Төрәлінің қамаудағы мерзімі тағы 15 күнге созылды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, А. есімді азамат (Төреғали Төрәлінің тегі бойынша – авт.) 14 маусым күні Алматы көшелерінде көлік жүргізіп келе жатып, тұтас қос жолақты жол белгісі бар жерде бұрылған және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамаған.

Осыған байланысты ол ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 596-бабы 3-бөлігі (жол белгілерінің тұтас сызығынан бұрылу) және 667-бабы 1-бөлігі (полиция қызметкерінің талаптарын орындамағаны үшін) бойынша қосымша жауапкершілікке тартылды. 15 (он бес) тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 6 (алты) ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айрылды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, 14 маусым күні Алматыда есірткіге масайған көлік жүргізуші полицейлерге бой бермей, оқиғаға орнынан қашпақ болғаны хабарланған еді. Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушіні ұстап, медициналық сараптама нәтижесінде оның есірткіге мас екені расталды. Сол күні көлік жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Ол 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айрылды. Сот отырысында құқық бұзушы іс материалдарында баяндалған фактілерді растап, өкінетінін айтқан.

Пабликтер ресми ақпаратта «А. есімді азамат» деп берілген көлік жүргізушінің Төреғали Төрәлі (Алиханов – ред.) екенін жаппай жазды. Ал, Төреғали Төрәлінің қарындасы әлеуметтік желіде ағасы туралы тараған ақпараттың жалған екенін жазды.

Кейін Төреғали Төрәлінің изолятордағы 20 күндік жазасына тағы үш күн қосылды.

Бүгін әлеуметтік желіде әншінің рульде отырғаны туралы ақпарат тараған болатын.