Отыз үш жасында бұл атаққа лайық деп танылған Жеңісбек – әлемге әйгілі «Ла Скала» театрының сахнасында ән шырқаған тұңғыш өзбекстандық әнші
Осыдан бір ай бұрын Өзбекстанда тұратын қандасымыз Жеңісбек Пиязовтың өзбек басшысы Шавкат Мирзиёевтің қолынан «Халық әртісі» атағын алғанын көптеген БАҚ жарыса жазған болатын. Отыз үш жасында бұл атаққа лайық деп танылған Жеңісбек – әлемге әйгілі «Ла Скала» театрының сахнасында ән шырқаған тұңғыш өзбекстандық әнші. Өнерлі отбасынан шыққан Жеңісбекті көпшілік студент кезінен-ақ «Халық әртісі» деп атап кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі turkystan.kz-ке сілтеме жасап.
– Бала кезіңізден ерекше дауыс иесі ретінде танылғаныңызбен, әдепкіде әнші емес, әртіс болуды армандапсыз. Бұлай армандауыңызға Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі, Қарақалпақстанның халық әртісі, атаңыз Зейнел Пиязов әсер еткен болса керек.
– Иә, саналы ғұмырын театрға арнаған атам Зейнел Пиязов секілді әртіс болуды армандадым. Оның үстіне, 2 сыныптан бастап тойларда ән салып, өз ортамда танылып жүрсем де, өтпелі кезеңде өзгерістер болып, дауысым «бұзылды». Сөйтіп, өзім туып-өскен Нөкістегі Жапақ Шамұратов атындағы училищенің актерлік бөліміне оқуға түстім. Онда әртістік шеберлікпен қатар, вокалдан да сабақтар жүргізеді. Оқып жүргенде әртістіктен гөрі, әншілік қабілетім басымдау екенін түсіндім. Дауысымның ерекшелігін байқаған ұстаздарым опера жанрына көп көңіл бөлуге кеңес берді. Одан бөлек, опера күрделі классикалық жанр болғандықтан, осы өнердің қыр-сырын меңгергім келді. Осылайша, бірте-бірте халықаралық байқауларға қатысып, бас жүлделерді жеңіп алған соң, Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының академиялық ән кафедрасына емтихансыз оқуға түстім. Консерваторияны бітірген соң музыкалық агенттердің шақыруымен Германияның Мюнхен қаласында өтетін опера фестивальдеріне қатысып, екі жылдай сонда жұмыс істедім. Сол екі арада Мюнхен ұлттық театрының басшылығы жұмысқа шақырды. Бірақ сол кезде Өзбекстандағылар елге қайтып келуімді өтініп, Ташкентке көшіп келдім. Мұнда келген соң, үкімет барлық жағдайымды жасап, ерекше құрмет пен сыйластық танытты. Десек те әртіс атану құр қиял, бос арман ретінде қалып қойған жоқ, қысқаметражды фильмдерге түсіп, сондай-ақ, түрлі бағдарламаларда әртіс ретінде бағымды сынап көргенім бар.
– Бұған дейін «Халық әртісі» атағы тек орта жастағы өнер иелеріне беріледі деп ойлап келген біз Өзбекстан президентінің бұл атаққа отыз үш жастағы сізді лайық деп танығанын естігенде таңғалдық. Өзбекстан тарихында бұл атақты иемденген ең жас әнші сіз боларсыз?
– Жоқ, 2013 жылы әнші Гүлсанам Мамазоитова отыз екі жасында «Халық әртісі» атанған болатын. Бастапқыда мен де сіз секілді бұл атақ жасы үлкендерге ғана беріледі деп ойлайтынмын. Бірақ, әсте олай емес екен. Өзімді мақтағаным емес, бірақ елу-алпыс жастағы адамдармен салыстырғанда Өзбекстанда өнерді насихаттап, әсіресе опера жанрын ілгерілету үшін барынша еңбек еттім деп айта аламын. 2012 жылы бүкіл әншілер көз тігетін беделді сайыс Муслим Магомаев атындағы халықаралық жарыста гран-при иегері атандым. Маған дейін бұл байқауда Өзбекстаннан ешкім жүлделі болмаған. Осы байқауда топ жарған соң, 2014 жылы Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі атағын иелендім. Сосын 2018 жылы Қарақалпақстанның халық әртісі атағын алдым. Одан бөлек, әйгілі «Ла Скала» опера театрында өнер көрсеткен тұңғыш өзбекстандық әнші атандым. Ел арасында ұмытылып бара жатқан өзбек романстары туралы кітап шығарып, оның аудио және видео нұсқаларын әзірлеп шығардым. Байқаған боларсыз, біз бір орында отырмаймыз, концерттен концертке қатысып жүреміз. Осындай азды-көпті еңбегімізді елеп-ескерген президентіміз Шавкат Мирзиёев «Халық әртісі» атағына лайық деп таныды. Шынымды айтсам, бұл атақты аламын деп күткенім жоқ. Бұл сыйлыққа лайық деп жүзге тарта өнерпазды іріктеуден өткізген екен, сол жүздің ішінен жүйрік шыққаныма қуаныштымын. Қазір халықтың операға деген қызығушылығы едәуір артып, аудитория ауқымы кеңейді. Қазақстан жұртшылығы Димаш Құдайбергенге қалай таңғалса, Өзбекстанда өтетін классикалық кештерге келген көпшілік біздің өнерімізге дәл солай тамсанады. Мысалы, мен президенттер қатысатын жиынға Фаррух Закиров, Юлдуз Усмоновалармен бірге өнер көрсетемін. Ал бұл қатарға кіру үшін өз ісінің хас шебері болып, үнемі өз бабыңда жүруің керек. Жалпы, мен Өзбекстан мемлекеттік консерваториясында магистратура бөлімін бітіріп, Италияның Озимо және Пезаро қаласында орналасқан екі бірдей академияда оқысам да, алған біліммен тоқтап қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүргенді құп көремін. Оның үстіне, мен – өнерлі әулеттің ізін жалғастырушымын. Әкем Бүркіт Пиязов Нөкіс қаласындағы бірінші музыка мектебінде домбырадан сабақ береді. Әкем өзі тоғыз ағайынды, бауырларының басым бөлігі өнер саласында қызмет етеді. Ал біз отбасында екі қыз, төрт ұл тәрбиеленіп өстік. Барлығымыз да өнер жолында жүрміз. Сол себепті өнер десе ішкен асын жерге қою, сахнаны киелі мекен санау – қанымызда бар қасиет.
– Бір қызығы, көпшілік сізді студент кезіңізден-ақ «Халық әртісі» деп атап кеткен екен. «Көп тілегі көл» деген осы болар.
– Иә, консерваторияда сабақ берген ұстазым аудиторияға кіріп келсем «О, Халық әртісі келді!» деп айтатын. Сабақ ортасында да «Халық әртісі, бері кел! Мына әнді орындап көр» деп шақыратын. Бәрінен бұрын мені осы атаққа лайық деп сол кісі айтқан еді. Байқағаным, көпшілік адал ниет, жақсы тілек білдірсе, расымен армандар орындалады екен. Өкінішке қарай, сол ұстазым былтыр дүние салып, «Халық әртісі» атанғанымды көре алмай кетті. Ол кісіден бөлек, концерт жүргізушілері мені сахнаға үнемі «Халық әртісі» деп шақыратын. Ән шырқап болған соң, олардың қасында барып «Мен бұл атақты әлі алғаным жоқ. Жаңылыспаңыздар. Дұрыстап шақырыңыздар» деп түзеп кететінмін. Мені осылай хабарлап жүргенін көріп-естіп жүрген тыңдармандардың бірі өткенде «Сен «Халық әртісі» атағын жақында ғана алыпсың ғой. Біз сені бұрында алған екен деп жүрсек» деп таңғалады. «Халық әртісі» атағымен марапаттау кешінде президентпен әзілдесіп, «Бұрын мені көпшілік «халық әртісі» деп айтқанда, өзімді ыңғайсыз сезініп, ылғи түзетіп жүретін едім. Енді жақсы болды, түзетіп, қысылмайтын болдым!» деп айттым.
– «Жеке концертін шоуға айналдыратын опера әншісі» деген атағыңыз тағы бар. Эстрада әншілерінің концертін тамашалағанды жөн көретін тыңдарманды классикалық кештерге қызықтырудың бір тәсілі ме бұл?
– Иә, мен концертімнің бірінші бөлігінде опера айтсам, екінші бөлігі мүлде басқа форматта өтеді. Сөйтіп, кештің соңы шоуға ұласады. Арасында әзіл-сықақшылар көрермендерді ду күлдіріп, олардың көңілін аулайды. Біздің кеште операны тыңдап отырып ұйықтап қалу деген жоқ. Сахнада ән айтып тұрғанда көрерменнің ерекше ықыласпен тыңдап отырғанын байқаймын. Қазір Өзбекстандағы өнерсүйер қауым жеке концертімді асыға күтіп жүр. Билетті сатылымға шығарсам, лезде сатылып кететінін білемін. Жоғарыда айтып өткенімдей, Өзбекстанда операға деген қызығушылық өте жоғары. Сол себепті тыңдарманды ұстап тұрудың әртүрлі жолын қарастыру керек.
– Жаңа бір сөзіңізде «Ла Скала» театрында өнер көрсеткен тұңғыш өзбекстандық өнерпаз екеніңізді айтып қалдыңыз. «Ла Скаланың» сахнасында ән шырқауды армандамайтын әнші жоқ шығар. Ал сіз бұған қалай қол жеткіздіңіз?
– Негізі, мен көп агентпен жұмыс істедім. Италияға барғанда агенттердің айтқанын бұлжытпай орындауға тырыстым. Бірде олар мені музыка әлемінде ең ірі саналатын Россини фестиваліне шақырды. Ал сол фестивалді тамашалауға келген басқа агенттер менің өнеріме жоғары бағасын беріп, ізінше «Ла Скала» театрында ән шырқау туралы ұсыныс білдірді. Бір байқағаным, талай мықтыны іріктеп жүрген олар сіздің қандай әнші екеніңізді жүзіңізден-ақ таниды екен. Сосын олар адамның мінезіне де қатты көңіл бөледі. Бір сөзге келуі қиын, машақат пен қиындық тудыратын өнер иелерін тіпті де есепке алмайды. Ал мен жүрген жерімде қалжыңмен қағытып, үнемі күліп жүргенді жөн көремін. Сондықтан болар, жолым болып, екінің бірі армандайтын театрда ән шырқадым. Негізі, осы тәжірибем арқылы «Ла Скалада» ән шырқауды армандап жүрген Өзбекстан жастарына өмірде бәрі де болуы мүмкін екенін дәлелдеп бердім деп ойлаймын.
– Бізде опера әншілері тек опера театрының сахнасында өнер көрсетеді деген түсінік қалыптасқан. Әңгімеңізге қарағанда сіз белгілі бір театр труппасынан гөрі, агенттермен тығыз жұмыс істейтін секілдісіз. Солай ма?
– Дәл солай. Түрлі кештерде өнерімізді байқаған агенттер шетелде ұйымдастырылатын концерттер мен фестивальдерге жиі шақырады. Осылайша, агентпен келісімшарт жасасып, екі-үш ай, тіпті бір жыл уақыт көлемінде сыртта жүреміз. Одан бөлек, баритон және тенор дауыстылармен салыстырғанда, Еуропада мен секілді бас дауысымен айтатын әншілер аз, сондықтан бізді тыңдағысы келетін тыңдарман қолқа салып, концерт өткізуімізді жиі сұрайды. Қазір Грекия, Аустрия және Финляндия еліндегі агенттермен келісімшарт жасасып жатырмын. Алдағы күндері шағын командаммен бірге Еуропаға жол жүрмекпін. Негізі, қазір желтоқсан айында Ташкентте бес мың орындық Достық үйінде екі күн бойы өтетін жеке концертіме дайындалып жүрмін. Одан бөлек, келесі жылы Қарақалпақстанда Өзбекстан бойынша тұңғыш рет ашылатын опера мектебінде көркемдік жетекші қызметін атқаратын боламын.
– «Халық әртісі» атанғаныңызды естіген қазақстандықтардың сізге тілекші болып, қолдау білдіргенін сезген боларсыз. Тіпті, мұндай ерекше қолдауды байқаған Қарақалпақстан тұрғындары әлеуметтік желіде «Ол біздің елдің әншісі» деп жазып, сізді өзара «бөліске» салып жатқанын байқадық.
– Әлбетте, Қазақстан халқының ерекше қолдауын басынан сезіндім. Әлеуметтік желіде «Өзбекстанда қазақ жігіті «Халық әртісі» атаныпты» деп жарыса жазғандарын оқыдым. Қарақалпақстан тұрғындарының «Ол біздің бала!» деп таласып жатқанын да көрдім. Қазақтар мен өзбектер «Алпамыс батыр» жырын екі жаққа бөліп, таласады ғой. Сол секілді екі жақтың маған үлкен маңыз беріп, «ол біздікі» дегеніне ерекше қуанып, масаттанғанымды жасырмаймын. Демек, мен дүйім жұртқа керек екенмін. Қазақ екенімді бұрыннан білетін әрі жаңадан біліп жатқан көпшілік «Қазақстанға көшіп келмейсіз бе?» деп жиі сұрайды. Оларға былай айтамын: үйіңізде қазақша ет әзірлеп, оны дастарқанға енді қоя бергеніңізде көршіңіз табағымен қоса көтеріп әкетіп қалса не болады? Оның бұл әрекетін түсінбей, ашуға булығасыз ғой. Мен Өзбекстанда тудым, осында өсіп-өндім, осы жерде әнші ретінде танылдым. Қазақстанға жиі келіп тұрамын, бірақ Өзбекстан – менің үйім. «Ағаш та бір жерде көгереді» дегендей, бір жерде жүріп-ақ көгере берейік. Негізі, біздің президент екі елді бір-бірімен жақындастыратын мәдени іс-шаралардың өтуіне мұрындық болып жүр. Жалпы, мен көптеген қазақстандық әншілердің өнерін жоғары бағалаймын, әсіресе МузАрт тобының жанкүйерімін. Одан бөлек, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Төлеген Мұхамеджановтардың туындыларын сүйіп тыңдаймын. Негізі, операмен кәсіби түрде айналысқанға дейін той-томалақтарда өнер көрсеткенмін, сол кезден бері көптеген қазақ әндерін жатқа білемін. Той демекші, Ташкентте тұратын көп қазақтың той-томалақтарына қатысып, қолдау білдіріп жүремін. Олар ұйымдастырған іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Сондықтан осы жаққа да бір әнші керек-ау деп ойлаймын. Ал Қазақстанда менсіз де әншілер көп қой.