2000-шы жылдардың жарық жұлдызының бар уақыты студияда өтіп жатыр
Белгілі рок-әнші Әсем Көпбаева «Алматы» телеарнасындағы Рaparazzi бағдарламасында берген сұхбатында ел күтпеген мәлімдеме жасады. Осыдан бірнеше жыл бұрын отандық режиссер Нұрғиса Әлмұратпен шаңырақ көтерген өнерпаз отағасымен ажырасқанын алғаш рет ашып айтты.
«Нұрғиса екеуміз араласып тұрамыз. Бүгін қызымызды мектепке бірге апардық. Бірақ бір жылдай болды, екеуіміз бөлек тұрамыз. Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдайлар болады. Халық дұрыс түсінеді деп үміттенемін. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды дегендей. Сол екеуміздің басымыз бір қазанға сыймай қалған шығар», – деді әнші.
2000-жылдардың жарық жұлдызы, рок-әншінің бүгінде бар уақыты студияда өтуде. Ол өзінің төлқұжатына айналған «Жалт етіп өткен» әніне екінші дем сыйламақ.
«Қазіргі таңда жас әнші Ербол Сасанов екеуміз «Жалт етіп өткен» атты әніне бейнебаян түсірейін деп жатырмыз», – деді Ә. Көпбаева.
Айта кетейік, папараццидің 2021 жылдағы алғашқы шығарылымында режиссер Нұрғисаның келіншегі Әсеммен арадағы қарым-қатынасына қатысты сауал жолданған болатын. Алайда режиссер жауаптан жалтарған еді.