TНT арнасындағы "Песни" шоуына қатысқан қос қазақстандық әнші Наzима мен Say Mo бірге ән шығарды. Бұл туралы әнші қыздар әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Біздің "Не смей" әнімізді барлық цифрлы алаңнан тыңдауға болады. Тыңдап, жүктеп алыңыздар", - деп жазды олар.
Бұған дейін арасында реніш болған қос әнші бірнеше күн бойы кіммен бірге ән айтатынын жасырып, тыңдармандарын қызықтырып қойды. Желідегі пікірге қарасақ, көпшілік екі қазақстандықты бірге ән салады деп күтпеген.
"Жақсы көру мен жек көрудің арасы бір-ақ қадам, күтпеген дуэт", "жылдың үздік дуэті", "Қыздардың татуласқанына қуанып отырмын. Барлығы хайп үшін емес, шынайы болса жақсы", деп жазып жатыр желі қолданушылары.
Екі қыздың арасындағы жанжал 2019 жылы "Песни" шоуының екінші кезеңінде басталды. Наzима бірінші маусымның финалына шығып, Black Star лейбліне қосылды. Ал Say Mo екінші маусымға қатысты. Қазақстанға келген соң ол "Бишарашка" деген ән шығарып, бірнеше жолын Назимаға арнады. Содан кейін тыңдармандар пікірі екіге бөлінді, әншілер арасында жанжал өршіді.
Айта кетері, "Не смей" әні қыздардың бірге орындаған екінші әні. Бұған дейін екеуі "Песни" шоуында "Не говори" деген әнді бірге орындады.
Ән Youtube платформасында 20 миллионнан астам қаралым жинады.
Дереккөзі: sputnik.kz.