Бірер күн бұрын желіде Ерке Есмахан мен Raim жүреді екен деген қауесет тараған. Күні кеше бұл қауесетке нүкте қойылды. Әншілердің екеуі де өз парақшасына бірге түскен фотоларын жариялап, сезімдерін білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Райымбек өз парақшасында Еркенің бетінен ұтсап отырған фотосын жариялап, пост астындағы сипаттамаға жай ғана нүкте қойды. Кейіннен әнші Париждегі Эйфель мұнарасының фонында Еркенің бетінен сүйіп тұрған сәтінен де фото бөлісті. Әншінің жанкүйерлері мұндай жаңалыққа сенер емес. Бұл хабар тіпті фанат еместер арасында да қызу талқыға айналып кетті.
Ал Raim болса, жанкүйерінің "Кешегіден соң барлық қыздың жағдайы жаман болып жатыр" деген сауалына "Мен бәріңізді жақсы көремін" деп жауап қайтарды.
Сын-пікірлер Еркені де айналып өтпеді. Желі қолданушылары оның жасы үлкен деп әрі бір баласы бар екенін айтып, жас жігітке қимайтынын ашық жазып жатыр. Бірақ Ерке Есмахан үнсіз қалмады. Ғашықтар қарым-қатынасын ашық жариялады. Оған қоса Ерке Райымбек туралы жылы жазба қалдырған. Онда әнші "Мен қасындамын, алтын басын төрге шығарамын" деді.
"Қазақ ер азаматтың басын алтынға теңеп, ерекше құрметтейді. Әр қазақ отбасындағы тәрбие сондай. Үлкен болсын, кіші болсын ер адамды сыйлайды. Мен де дәл бүгін жүрегімнің иесіне ризашылығымды білдіргім келіп тұр. Мен үшін, біз үшін, біздің махаббатымыз, болашағымыз үшін әлемге қарсы тұрып, өз қазағымыздан мені қорғап, "өсек, хайп" атты майданда жүр Райымбек батыр... Батыр атына лайық жігітім иманымен, ержүрек шыншылдығымен, қарапайымдылығымен, риясыз мені сүйе алатын ақынжанды болмысымен ерекше. Тым тұйық болса да, мен жан сырын өте жақсы түсінемін. Жанымыз егіз. Менің арқасүйерім тек қошеметке, құрметке лайық, мақтауға тұрарлық адам! Ал мен қасындамын, алтын басын төрге шығарамын. Тыңдарман, оқырман! Артық сөздің бәрі қажет емес. Махаббат ұлы күш! Әлемді құтқарады! Әр қазақ қызына Райымбектей нағыз жігіт бұйырсын. Жалғыздық бір Аллаға жарасады. Баршаңызға тек жақсылық тіледім", - деп жазды Ерке Есмахан Instagram-дағы парақшасында.