Финал Ливерпулде өтті
«Еуровидениеде» бірінші орынды швед орындаушысы Loreen «Tattoo» әнімен жеңіп алды. Ол бұл конкурста 2012 жылы жеңімпаз болған болатын. «Еуровидение-2023» көшбасшылар үштігіне Финляндия мен Израиль енді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазылар алқасы мен көрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша Швеция өкілі конкурс финалында 583 балл жинады. 2012 жылы Лорин «Еуровидениеде» Euphoria әнімен жеңген болатын. Швеция байқауда жетінші рет жеңіске жетіп отыр.
Екінші орынды финляндиялық Käärijä алды. Көрермендер мен қазылар алқасы оның Cha Cha Cha композициясына 526 ұпай берді. Үшінші орынды израиль әншісі Ноа Кирел алды – оның Unicorn әні 362 ұпай жинады.
Биыл Ұлыбритания конкурсты Украина атынан өткізді, финал Ливерпулде өтті. Былтырғы «Еуровидениеде» украин тобы Kalush Orchestra тобы жеңімпаз болды, алайда соғыстың тоқтамауы салдарынан Киевте немесе елдің басқа қаласында конкурс өткізу мүмкін болмады.
Ұлыбританияның атынан конкурсқа әнші Мэй Мюллер қатысты. Ол соңғы орындардың бірін алды.