Бағдарламада Dequine мен Dose «Ветер» композициясын орындаған
Танымал қазақстандық әншілер Dequine және Dose «Первый канал» телеарнасында өтетін «Вечерний Ургант» бағдарламасында қонақ болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Dequine (шын аты Данеля Садықова - авт.ескерт) және Dose (шын аты Айдос Жұмалинов - авт.ескерт) кеш қонағы болды. Иван Ургант Dose жақында «Пока» альбомын шығарғанын айтты. Қазақстандық әртіс Сюзанна және Dequine сияқты танымал әншілермен ән жазған.
Бағдарламада Dequine мен Dose «Ветер» композициясын орындаған. Сонымен қатар, Ургант кеште Dequine-нің Мәскеуде өнер көрсететінін айтты.
Желі қолданушылар «Мен қазақтарға, олардың музыка саласында талантты екеніне таңғаламын», «Қазақтар сәнге айналды», «Қазақтардың танымалдығы сонша енді ВУ-да көрсетіліп жатыр»,»Олар әнді қалай таза айтты, әдемі ән, дауыстары керемет, енді жиі тыңдаймын» деген пікірлер қалдырған.
Қазақстандық әнші Dequine мансабын 2016 жылы бастаған. 2019 жылдың жазында ол «Фемида» композициясын шығарып, ол оған үлкен танымалдық әкелген. Ән Apple Music Kazakhstan топ-100-ге кірді. Кейін әнді естіген Warner Music Russia өкілдері орындаушыға хабарласып, 2020 жылдың басында олармен альбом шығару туралы келісімшартқа қол қойды.
Dose - павлодарлық әнші. Apple Music-ке берген сұхбатында «Пока» әнші мен продюсердің алғашқы альбомы екені айтылған. Бірақ оның музыкасы бұрыннан белгілі. Ол Strong Symphony лақапатымен битмейкер ретінде T-Fest-пен «Улети», Pharaoh «Амнезия», Gruppa Skryptonite «Подруги» және Скриптониттің орындауындағы «Океан» танымал әндерін жазуға қатысқан.