Сәкен Майғазиев: Бұл – халықтың мерекелі, берекелі күндерді сағынғанының белгісі

31.12.2021 18:28

Әнші барша қазақстандықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

almaty.tv

Бүгін «Алматы» телеарнасының Таңғы STUDIO бағдарламасында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәкен Майғазиев Жаңа жыл мерекесін қалай атап өтетіні туралы айтты.

Әншінің айтуынша, Жаңа жыл бұрынғыдай тойланбайды. Қазіргі таңда балалар Аяз атаға сенбейді және сыйлық та күтпейді.

«Біздің балалық шағымыздағы Жаңа жыл өте ерекше болатын. Аяз атаға хат жазып, сыйлық күтетінбіз. Қазір Жаңа жыл – 22 наурыз дегендіктен, бұл мерекеге қатты мән берушілер қатары азайып келе жатқан секілді. Дегенмен карантиннен кейін биыл бұл мерекеге деген жұрт ықыласы ерекше сияқты. Бұл бәлкім, халықтың мерекелі, берекелі күндерді сағынғанының белгісі шығардеп ойлаймын. Қазіргі таңда ешкім шыршаны айналып, Аяз атаға сеніп жүрген бала да жоқ. Негізі, біздің бала кезіміздегі Жаңа жыл ерекше өтетін. Үйдің төбесіне мақта жабыстырып, қағаз шынжырды жабыстырып, өзіміз жасайтынбыз. Оның да өзіндік қызығы бар еді», – дейді Сәкен Майғазиев.

Әнші барша қазақстандықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

«Құрметті алматылықтар және барша қазақстандықтар, Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Алла Тағала бар жақсылықты нәсіп етсін! Төңірегіміз түгел, отбасымыз аман болсын! Бейбіт елде бақытты ғұмыр кешейік», – деді әнші.

Айта кетейік, Таңғы STUDIO бағдарламасының ұжымы әншіні келе жатқан туған күнімен құттықтап, оған тосынсый жасады.