Айгүл Иманбаева: Сәбитке еш ренішім жоқ

29.04.2021 19:48

Әншінің анасы Гүлсім Нұрбаева қызы тұрмысқа шығарда қарсы болғанын айтады

tv7.kz

Айгүл Иманбаева бірінші күйеуі Сәбит Әбдіхалықовпен не себепті ажырасқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі nege.kz-ке сілтеме жасап.

Ажырасу туралы өзі бірінші айтып, өз қалауымен кеткенін жеткізді. Алайда бұрынғы қайын жұртына сәлем салып, әлі де жақсы араласады екен. Бұл туралы «Ең алғашқы» бағдарламасында айтылды.

Айгүл Иманбаева Сәбит Әбдіхалықовпен өзара келісе алмаған соң кеткенін айтады. Күйеуіне айтпай қайын жұртына барып, бір апта болған соң рұқсатын алып кеткен екен.

«Мен қалаға келген соң көп ұзамай Сәбитпен кездестім. Тұрмысқа шықтым. Бір-бірімізді жақсы көрдік. Жаспыз, баламыз. Сезімге берілдік. Анам аздап қарсы болғандай болды. Жұқалап ойын білдірген еді. Бірақ ол кезде ешнәрсе ойлайтындай болған жоқпыз. Солай отбасын құрдық. Бірақ екеуміздің мінезіміз келмеді. Екеумізде де көкірек бар. Екеуміз де жаспыз. Мүмкін қазіргі жасымыз болса, басқаша болар ма еді. Ол кезде сөз көтере алмадық. Кикілжіңдер көбейіп кетті. Содан мен шыдай алмадым. Алты айлық баламды көтеріп алып Шымкентке тарттым. Дәл менің жасағанымды естіген жұрт күлетін шығар. Қайын жұртыма барып, бір апта жаттым. Сәбиттен қашып кеттім. Айтсам жібермейтін еді. Бір апта ата-енемнің үйін тазалап, әктеп, бәрін жуып-шайып, содан кейін ажырасатанымды айттым. Ата-енем жылады. Мені айнытқысы келді. Бірақ менің қайтпайтынымды білген соң атам менімен бірге біздің үйге келді. Анам бір қойын сойып, қонақ қылды. Солай жылап қоштастық», – деді Иманбаева.

Жақсылықпен қоштасқан соң қайын жұртымды көрсем әлі де сәлем саламын дейді актриса. Ал немересі Асылжанды ешқашан қайын жұртынан ажыратпаған.

«Мен ешнәрсеге өкінбеймін. Сәбитке де еш ренішім жоқ. Ол менің үстіме әйел алып кеткен жоқ. Ол мені тастап кеткен жоқ. Кеткен өзіммін. Еш өкінбеймін», – деді актриса.

Ал Айгүл Иманбаеваның анасы Гүлсім Нұрбаева қызы тұрмысқа шығарда қарсы болғанын айтады.

«Мен қарсымын деп айтқан жоқпын. Бірақ ақырындап айттым. Екі қошқардың басы бір қазанға сия ма дедім. Іштей бір сенбестік болды. Себебі, Айгүлдің мінезі бар. Сәбиттің бірбеткей екенін көрдім. Кейін Айгүл ажырасатанын айтып келгенде, менің сөзімді растады. Сол кезде дұрыс айтқан екенсіз деді. Бірақ бәрі тағдыр ғой. Солай болу керек болды», – деді анасы.