|
21.04.2022 | 15:20
1179

Бәрі діннен басталды: танымал блогер күйеуінің жазықсыз екенін айтты

Оның айтуынша, вайнер полиция департаментінде жаңа айыптаумен танысқан

Бәрі діннен басталды: танымал блогер күйеуінің жазықсыз екенін айтты harpersbazaar.kz

Алматыда Mudaraban Capital қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қамауға алынды. Алматы қалалық тергеу сотының қаулысы бойынша Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты бұлтартпау шарасын кепілден 10 тәулік мерзімге күзетпен ұстауға өзгертуге санкция берілген, деп хабарлайды Almaty.tv.

halyq-uni.kz мәліметінше, Мейіржан Төребевтың жары Дана Есеева Алматы қалалық Полиция департаментін күйеуін қамау үшін қойылым қойды деп айыптады.

«Мейіржан екеуміз дүкеннен шығып келе жатқан едік. Екі полиция қызметкері келіп, «сізді тұтқындаймыз» деді. Себебін сұрағанда, олар Мейіржанның Полиция департаментіне келуден бас тартқанын айтты. Мейіржанға да, оның қоғамдық қорғаушысы ретінде маған да ешкімнің хабарласпағанын жеткіздік. Мейіржанды тұтқындады деп айту үшін кино қойды. Оны Полиция департаментіне шақырған емес. Оларға Мейіржанды тұтқындады деген құжат керек болды», - деді ол Тәңірберген Бердоңғаровқа берген сұқбатында.  

Оның айтуынша, вайнер полиция департаментінде жаңа айыптаумен танысқан.

«18 минуттан соң сот өтіп, онда Мейіржанды 10 күнге қамау туралы шешім шығарылды. БАҚ-та бұл ақпарат біз материалмен танысып шыққаннан бұрын тарай бастады. Яғни, БАҚ сотқа дейін Мейіржанның қамалғаны туралы ақпарат тарата бастады», - деп қосты ол.

Бұған қоса, ол Төребаевтың Mudarabaн Capital компаниясына қалай келгенін айтты. 2020 жылы Алматыдағы кофехананың бірінде аталған компанияның негізін қалаған Ораз Әділетпен танысқан.

«Бастапқыда дін тақырыбында сөйлесіп жүріп, сенімге кірді. Кейін Мейіржан басқа жерде жүрсе де солар келе беретінді шығарды. Қазір мен ол адамдардың Мейіржанның соңынан жайдан-жай жүрмегенін түсіндім. Кейін оны мешіт салуға шақырды. Оқырмандар Мейіржанның мешіт салуға көмектесіп, тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық жасағанын көрді. Біртіндеп компанияға ақша салу туралы ақпарат берілді. Олардың Сауд Арабиясынан берілген халал инвестиция туралы сертификаты болды. Ол сертификат жайдан-жай берілмейді. «Заман» банкінен кепіл болатыны туралы хаты болды. Тергеу кезінде банк ол хатты қайтарып алғанын білдік. Аталған компанияның шынында халал екеніне сенді», - деп қосты Дана Есеева.

Бұған қоса, ол Қаржы нарығын реттеу агенттігі аталған компанияның қаржы пирамидасы екенін біле тұра шара қолданбады деп айыптады.

«27 қазанда Қаржы нарығын реттеу агенттігі оның қаржы пирамидасы екенін анықтағанын білдік. Алайда олардың хаты жарияланбады. Олар компанияның шотын бұғаттап, өзін жабу керек еді. Бұл фактіні жасырып қалды. Мейіржан бұл компанияға 10 қарашада  агенттік қаржы пирамидасы екенін білгеннен кейін қосылды. Олар Мейіржанды жарнама үшін тартты, салымшыларға Мейіржанның аты-жөнін көрсетіп оны құрылтайшысы деп айтып отырған. Мейіржан тек қатысушысы болды», - дейді ол.

Мейіржан Төребаев Mudarabaн Capital компаниясына 10 млн теңге ақша салғанымен, дивиденд алмаған.

«Салымшылардың ақшасы қайда және кімде екенін білмеймін. Мейіржанда ақшаны пайдалану құзыреті ешқашан болмаған. Өзі салымшы ретінде 10 млн теңге салды. Бірақ оған дивиденд төлемеген соң ол ақпанда компанияға сұрақ қоя бастады. Сол кезде «бауырым, әлхамдуллилә, бәрі жақсы. Уайымдама, біз операциялық жүйені ауыстырып жатырмыз» деп аудио жіберді. Ол хабарлама әлі күнге дейін сақталып тұр. Қазір полиция Мейіржанға 2018 жылдан бері өмірінде көрмеген Құрмағналиев, Рахимов және Мансұров деген адамдармен сөз байласып, қаржы пирамидасын құрды деген айып тағып отыр. Олай деп айыптауға негіз жоқ», - деді Дана Есеева.

Еске сала кетейік, 11 сәуірде елордада Mudarabah Capital қаржы пирамидасына 20 миллион теңге салған әйел жұрттың көзінше өзін өртеп жіберді. 1990 жылы туған әйел жедел жәрдем көлігімен 1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізіліп, реанимация бөліміне жатқызылды.

«Астанада өзін өртеген салымшы Бағила Досмаилова үндеу жариялап, болған жағдайдың Мейіржанға қатысы жоғын айтты. Сол жағдайды БАҚ пен пабликтер Мейіржанның кесірінен болды деп көрсетті. Неліктен олай істеп жатқанын білмеймін. Бәлкім тапсырыс болған шығар. Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов өзінің парақшасында жалған ақпарат жариялады. Мұндай жағдай болып жатқанда Жаңа Қазақстан туралы қалай айта аламыз? Экономикалық сараптама компания Мейіржанға ақша қарыз екенін көрсетті», - деді Дана Есеева.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

блогер
Новости партнеров

Прямой эфир